БҚО-мен көршілес Ресей аймақтарындағы құлпытастарды зерттеу ойластырылуда - Айтжан Нұрманова

  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Батыс Қазақстанмен көршілес Астрахан секілді Ресей облыстары аумағындағы құлпытастарды зерттеу ойластырылуда. Бұл туралы бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-да өткен басқосуда Алматы қаласындағы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, құлпытастарды зерттеу жөніндегі жоба жетекшісі Айтжан Нұрманова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-мен көршілес Ресей аймақтарындағы құлпытастарды зерттеу ойластырылуда - Айтжан Нұрманова

Оның айтуынша, бұған дейін қолға алынған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері - рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» атты үш жылдық жоба биыл мәреге жетеді. Сондықтан алдағы жылдан бастап тағы үш жылға есептелген жаңа жобаны қолға алу ойластырылуда. Егер Үкімет тарапынан қолдау тапса, ғалымдар Ресейдің көршілес аймақтарына да сапарға шығатын болады. Биыл Батыс Қазақстанда жасалған жұмыстар қорытындыланып, бірнеше тілде ғылыми жинақтар жарық көреді. Күні бүгін кітаптың алғашқы нұсқасы жасалды. Осы жолғы сапарда сондағы кейбір дәлсіздіктерді анықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұған дейін Мәулімберді, Жантөре, Жәңгір хан қорымдары зерттелген еді. Енді алматылық ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру үшін Жәңгір хан зираты орын тепкен Бөкей ордасы ауданына жол жүрмекші.

null

«Жалпы, Бөкей ордасы тарихын зерттеуге Ресей, Жапония және АҚШ ғалымдары қызығушылық танытуда. Алайда олар сыртқы (ресейлік) деректер негізінде зерттейді. Бұл біржақты көзқарас болып келеді. Біз ішкі деректерді ғылыми айналымға қосқымыз келеді. Тарих ғылымының бір бөлігі - құлпытастар. Сондықтан адамның жеке басына қатысты мәліметтер ғана емес, сол кездегі мемлекеттік саясат көрініс тауып, діни, рухани идеология қашалған, аят-сүрелер мен жоқтау өлеңдерге дейін жазылған құлпытастарды жойылып кетпей тұрғанда, «тірілту» керек. Қазақстан, соның ішінде хандарымыздың тарихы толық зерттеліп болды деп айта алмаймыз. Ғалымдар ортақ пікірге келе алмаған тұлғалар жеткілікті. Сол себепті Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғанындай, киелі жерлерді ғылыми түрде барынша кеңінен зерттеп, жарыққа шығарудың маңызы зор», деді Айтжан Нұрманова.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің сөзіне қарағанда, алматылық ғалымдарға жергілікті мамандар қолұшын беруде. Қазірдің өзінде өңірдегі үш мыңдай құлпытас суретке түсіріліп, хатталды. Соның тең жартысынан астамындағы араб қарпімен жазылған мәтінді мамандар оқып, кириллицаға аударды.

null