БҚО: Н. Ноғаев үздік оқушылардың «Жұлдызды шеруіне» қатысты

Бұл туралы бүгін соңғы қоңырау салтанатында айтылды.
Мектеп директоры Ерсайын Сапаровтың айтуынша, аталмыш білім ордасында үздік оқуымен, ерекше дарынымен дараланып жүрген жеткіншектер аз емес. Мектеп шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар жарыстарында, өзге де байқауларда оза шауып, жүлде алып жүр. 90 жылға жуық тарихы бар байырғы мектеп жыл сайын ҰБТ тапсыру жөнінен де алдыңғы қатарда. Биыл 8 шәкірт «Алтын белгіден», сегізі ерекше аттестаттан үміткер.
Мектепте оқу жылы қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттау ізгі дәстүрге айналған. Кеше білім ордасы оныншы рет «Жұлдыздар шеруін» өткізді. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, өзінің ізгі тілегін білдірді. Бұл шарада оқуда, спортта, өнерде және басқа салаларда озық табыстарға қол жеткізген шәкірттерге құрмет көрсетіліп, мақтау қағаздары табыс етілді. Дарынды шәкірттер концерт те қойды.