БҚО: «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес бөлінген 9 млрд. астам теңге депутаттар бақылауында

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстан облысына 9 млрд. астам теңге бөлінді. Осы қаржының жұмсалуы «нұротандық» депутаттардың бақылауында. Бұл туралы облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция отырысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, Ұлттық қордан бөлінген қаржының тиімді де мақсатты игерілуіне бақылау орнату мақсатында «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының тапсырмасына сәйкес төрт комиссия құрылып, жұмыс жасауда.

Отырыста комиссия төрағалары атқарылған істер жөнінде баян етті. Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Әлібек Сәтбаевтың сөзіне қарағанда, бұл бағытта қаржы кестеге сәйкес игерілуде. Шын мәнісінде бақылау жұмысының депутаттарға жүктелуі халық қалаулыларына деген сенімді көрсетеді.

Көліктік-логистикалық инфрақұрылым мәселелері жөніндегі комиссия жетекшісі Валерий Голоуховтың мәлім еткеніндей, ай сайын мәжілістер, сондай-ақ тікелей нысандар басында тапсырыс берушілермен және мердігерлермен көшпелі отырыстар өткізіліп тұрады. Бұл бағыт бойынша облыста Ұлттық қор есебінен бір нысан (теміржол өткелінен «ГТЭС-200» алаңқайына дейін кіреберіс жол учаскесін қайта құру) қаржыландырылуда. Қазіргі кезде ұзындығы 4 км 86 метр автожол құрылысы жүргізілуде. Бұған Ұлттық қордан 383,482 млн. теңге қаралса, соның 339,6 млн. теңгесі игерілді. Аталмыш нысанда 34 жұмыс орны ашылған. Бұл нысанды алдағы жылы қаңтарда беру жоспарланғанымен, мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарын биылғы 15 қарашада бітіруді көздеуде.

Жиында сондай-ақ БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанболат Иманғалиевтің «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің «Агробизнес - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөніндегі есептері тыңдалды.

Соңғы жаңалықтар