БҚО-ның Теректі ауданына жаңа басшы келді

ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Теректі ауданында болып, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Онда облыс басшысы аудан әкімі қызметіне Арман Өтеғұловтың кандидатурасын ұсынып, мұны депутаттар қолдады.

БҚО-ның Теректі ауданына жаңа басшы келді

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аудан активінде облыс әкімі ауданның жаңа басшысын таныстырып, бұрын осы қызметті атқарған Алексей Горобцовқа алғысын білдірді.

Арман Өтеғұлов 1964 жылы дүниеге келген. Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген ол мамандығы бойынша жұмыс жасап, кейін шаруашылық басшысы, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2002 жылдың желтоқсанынан бастап Қаратөбе ауданына басшылық етті.