БҚО-ның үш ауданында тоқтап қалған спорт кешенінің құрылысы қайта жанданады
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, 2020 жылы «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен Ақжайық, Казталов және Тасқала ауданында кешен құрылысы басталған еді.
Алайда 2021 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына және басқа себептерге байланысты жұмыс тоқтап қалды.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде «ҚПО б.в.» компаниясы жобаларға түзету енгізуде. Түзету жұмыстары біткеннен кейін мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер басталады.
Сонымен қатар Ақжайық ауданының Тайпақ және Бәйтеректің Дариян ауылында дене шынықтыру-спорт кешендерінің құрылысы басталмақшы. Тайпақ ауылындағы кешен бойынша «ҚПО б.в.» компаниясы конкурстық рәсімдерді жүргізуде. Мердігер анықталғаннан кейін құрылыс бастау алады. Дарияндағы кешенге қатысты жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
«Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау, «100 дене шынықтыру-сауықтыру» кешені жобасын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына облыста 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жеке кәсіпкерлердің есебінен 2 спорттық кешен (Omega Sports, дзюдо орталығы) және басқа нысандар пайдалануға берілген еді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Есендияров.
Қазіргі таңда өңірде 1 757 спорттық нысан жұмыс жасайды. Күні бүгін 232 860 адам немесе облыс тұрғындарының 35 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 36 пайызға жеткізу көзделуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы «Жастар» стадионының сенімгерлік басқаруға берілетінін жазған болатынбыз.