БҚО орман шаруашылығы мекемелеріне 80 млн. теңгеге жаңа техникалар алынды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстандағы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер жаңа техникалармен толықты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов орманшыларды жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жаңа техникалардың кілттерін табыс етті.
Биыл жергілікті бюджеттен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 80 млн. теңге бөлінді. Осы қаржыға ГАЗ 3309-1397, 4 «Водолей ПКП-4» машинасы, сегіз ПНВ-3-35, үш МТЗ-82,1 тракторы, сегіз УАЗ-390945, УАЗ-220695 автокөлігі сатып алынды.
Аталмыш басқарма басшысы Амангелді Дәулетжановтың айтуынша, бұған қосымша жыл аяғына дейін өрт сөндіруге арналған «КамАЗ» автокөлігі алынып, үш өрт бақылау мұнарасы орнатылатын болады.
Өңірде орман қоры 215306 гектарды құрайтын болса, соның 102896 гектары тоғай болып есептеледі. Жаңа техникалар орманды күтіп-баптауға, торуға, өрт сөндіруге қызмет ететін болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға қоса барлық қалалар мен елді мекендер маңында, үйлер алдында ағаш отырғызудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Сонда Қазақстан жасыл желекті елге айналар еді. Әсіресе, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жол құрылысы қарқын алған кезде күре жолдар бойында да көшеттер егудің мәні зор.
Айта кетейік, Батыс Қазақстанда жыл сайын елді мекендерді жасыл желекпен көмкеру бағытында 150 мың түп ағаш көшеті егіледі. Сондай-ақ орманды қалпына келтіру шараларына 2 млн. 500 мың түп көшет бөлінеді.
Орманды баптап-күту мен сақтау келешек ұрпақ үшін де қажет. Жыл басынан бері орман қорғау бағытында 962 рейдтік шаралар өткізіліп, соның нәтижесінде 185 табиғат қорғау заңдылығын бұзушылық анықталды. 151 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 781682 теңге өндірілді.