БҚО: Полиция күніне орай 400-ден астам қызметкер марапатталды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралдағы Жеңіс алаңында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өткізілді.
Полиция қызметкерлерін мерекемен облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтап, олардың қызметінің ел тыныштығын сақтауда маңызы зор, абыройлы да жауапкершілігі мол екендігін атап өтті.
Заңдылық пен құқық тәртібін сақтаудағы еңбегі және қызметіндегі жоғары көрсеткіштері үшін 10 қызметкер ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталса, 400 адам БҚО ішкі істер департаментімен ынталандырылды. Айталық, департамент айдауыл қызметінің қызметкері, полиция старшинасы Б.Иманғалиев министрдің грамотасын иеленсе, департамент тергеу бөлімінің аға анықтаушысы, полиция капитаны Ж.Ақыбаева алғысхатын еншіледі.
Кезектен тыс полиция подполковнигі шені Абай полиция бөлімінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Г.Бисеноваға, майор шені Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы К.Утяшевке берілді. Сондай-ақ департамент криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі А.Бараков «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталса, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісінің қызметкері, полиция капитаны К.Кенбаев, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Ж.Әшімғалиев, Орал қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция аға сержанты К.Базарғалиев «2-дәрежелі ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов те мейраммен құттықтап, бір топ қызметкерге алғысхатын табыс етті.
Шара барысында 20 жас қызметкер салтанатты түрде ант берді.
Департамент бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатовтың айтуынша, батысқазақстандық сақшылар жедел қызмет жөнінен республикада алдыңғы қатарда келеді.
Шараға қатысушылар Жеңіс алаңымен салтанатты түрде сап түзеп, жүріп өтті.