БҚО прокуратурасына бір жылда 7389 өтініш түсті
ОРАЛ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылы облыстың прокуратура органдарына азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінен 7389 өтініш келіп түсіп, олардың басым көпшілігі өтініш иелеріне жауап беру арқылы мәні бойынша өз шешімін тапты.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, келіп түскен өтініштер бойынша 4220 түсінік берілді, олардың басым көпшілігі еңбек, тұрғын үй, жер, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік заңнама саласындағы құқықтық қатынастармен байланысты.
Өткен жылы арыз иелерінің талаптарын қанағаттандыру арқылы 104 өтініш қаралды, оларды қарау нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында прокуратура органдарымен 115 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, прокуратураның талабы бойынша 229 өтініш иесінің құқығы қалпына келтірілді, 50 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, 14 қылмыстық іс қозғалды.
335 шағым-арыз қанағаттандырусыз қалдырылды, жауаптардың басым көпшілігі шығарылған сот актілеріне, қылмыстық қудалау органдарының шешімдеріне ықпал ету актілерін енгізу туралы арыз иелерінің өтініштерін қолдаудан бас тарту және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты арыз иелері уәждерінің дәлелденбеуімен байланысты.
Қылмыстық қудалау органдары лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы әрекеттеріне, соның ішінде тергеу және анықтаумен тыйым салынған әдістерді, қинауды қолдану фактілеріне қатысты арыздар ерекше бақылауда. Осындай мазмұндағы арыздар бойынша прокурорлармен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы 5 қаулы шығарылып, 3 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 1 қылмыстық іс қысқартылды, біреуі қарау үшін аудандық сотқа жолданды, 2 тұлға сотталып, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы 2 қаулы бұзылды.
Әлеуметтік-экономикалық саладағы заң бұзушылық мәселелері бойынша прокуратура органдарында 2338 өтініш қаралып, оның 1358-і, оның ішінде 63 өтініш талабы қанағаттандырылу арқылы шешілді. Мысалы, «ЖайықТехСервис» МКК жұмысшыларының еңбекақы төленбеуі туралы уәждерін тексеру барысында анықталғанындай, кәсіпорын 86 жұмысшыға 2012 жылғы шілде айының 2 млн. астам теңге жалақысын төлемеген. Тек Ақжайық ауданы прокуратурасының араласуынан кейін жалақы берешегі толықтай өтелді.