БҚО соттарында кадрлық ауысулар болды

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осыған дейін Орал қалалық №2 сотының судьясы лауазымын атқарып келген Қайрат Шалқаров Батыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағалығына тағайындалса, бұдан бұрын Теректі аудандық №2 сотының төрағасы қызметін атқарған Аманкелді Төлегенов Зеленов аудандық сотының, Қаратөбе ауданында судьялық қызмет атқарған Хатима Ерсенова №2 Орал қалалық сотының судьясы болып бекітілді.
Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Орал қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Ғалымжан Ищанов, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін судья қызметінен босату қажеттігі туралы сот жюриінің шешімі бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самат Мақсатов, өз өтініші бойынша Теректі аудандық сотының судьясы Дәулен Шәкіров атқарып жүрген қызметтерінен босатылды.
Облыстың сот жүйесінде басқа да кадрлық өзгерістер жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, зейнеткерлік жасқа жеткендіктен, Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Альфия Ювакаева, БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Ақгүл Қарасаева, Теректі аудандық сотының төрайымы Зәуреш Жұмашева құрметті еңбек демалысына шықты.