БҚО соты жанындағы Қоғамдық кеңес судьялыққа кандидаттарды талқыға салды
Облыстық соттан Амангелді Шахиннің хабарлағанындай, құрамына облыстағы заңгерлік факультеттері бар іргелі жоғары оқу орындарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, доғарыстағы судьялар, қоғамдық ұйымдардың белсенділері енген тоғыз адамнан тұратын Қоғамдық кеңес алғашқы мәжілісінде Қазақстан Республикасының жергілікті соттарындағы судьялық лауазымның бос тұрған орындарына конкурсқа қатысу үшін құжаттарын тапсырған Батыс Қазақстан облысында тұратын судьялыққа кандидаттарды талқыға салды.
Қоғамдық кеңес әңгімелесуге келген сегіз үміткердің жеке, іскерлік және кәсіби қасиеттерін, моральдық-этикалық бет-бейнелерін жан-жақты талқылай келіп, ашық дауысқа салу нәтижесінде бәріне де оң баға берді.
Қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алғандардың қатарында Орал қаласындағы «Оралжөндеуқұрылыс» ЖШС заңгері Е.Алдияров, Батыс Қазақстан облыстық сотының кеңсе басшысының орынбасары С.Есжанов, облыстық сотың бас маманы Г.Батырғалиева, Шыңғырлау аудандық сотының бас маман - сот отырысының хатшысы С.Оразғалиева, БҚО мамандандырылған экономикалық сотының бас маманы Ұ.Шуренова, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты М.Хабиев, «Оралагрореммаш» акционерлік қоғамының заңгері А.Сұлтантеміров, уақытша жұмыссыз Б.Сәрсеновалар бар.