БҚО сотында кадрлық өзгерістер болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының биылғы 18 ақпандағы Жарлығымен БҚО бойынша бірқатар тағайындаулар болды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 24 ақпан күні жалпы отырыста БҚО сотының төрағасы Қамбар Нұрышев кадрлық өзгерістермен таныстырды. Атап айтқанда, Орал қаласының №2 сотына бұған дейін Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болған Мұрат Иманбаев, оның орнына бұған дейін Орал қалалық сотының төрағасы қызметін атқарған Ғалымжан Ищанов тағайындалды. Орал қалалық сотына енді бұған дейін БҚО сотының судьясы болған Біржан Мәмбетов басшылық етеді.
Аудандық соттар судьялармен толықты. Бөрлі аудандық сотына Азамат Сұлтантеміров, Қазталов аудандық сотына Әсел Жамантаева, Орал қаласының №2 сотына Бақтияр Жорабаев судья болып тағайындалды. Бұған дейін БҚО сотының судьясы болып жасаған Гүлжамал Тайбағарова Астана қалалық сотына судья болып ауысты.
Облыстық сот төрағасы лауазымдарына жаңадан кіріскен судьялардың қызметіне табыс тіледі.