БҚО: су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 5 500 өтініш қабылданды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, күні бүгінге дейін облыс бойынша 5 552 өтініш қабылданды. 1 542 отбасына 514,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл төлемдер жалғасын табады.
Қалияр Шадиярұлының сөзіне қарағанда, аудандарда құрылған арнайы комиссиялар 2 342 бас мал шығынын растады. Соның ішінде 341-і – ірі қара, 1 741-і – қой-ешкі, 63-і – жылқы, 116-сы – шошқа, 81-і – үй құстары.
«Қазіргі таңда расталған шығын болған ауыл шаруашылығы малдарының өлекселері толықтай жойылды. Арнайы комиссиялар өз жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Келесі апта шығындарды өтеу басталады», - деді Қ.Айтмұхамбетов.
Оның мәлімдеуінше, су тасқыны басталғаннан бері зардап шеккендерге 707 тонна немесе 327,3 млн теңгеге гуманитарлық көмек ( соның ішінде 563 тонна азық-түлік, 4 тонна дәрі-дәрмек, 140 тонна киім-кишек) берілді.
«Қырғызстан елінен, сонымен қатар Түркістан, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстары, Астана, Шымкент, Алматы қалаларынан гуманитарлық көмек келді. Облыс бойынша 1 гуманитарлық көмек қабылдау пунктісі жұмыс істеуде. Су тасқынынан зардап шеккендерге 4 мыңнан астам волонтерлар қолұшын созуда», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда 860 сантиметрден асқанын жазған болатынбыз.
Орал қаласында 116 саяжай бірлестігін су басты.