БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ОРАЛ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Амангелді Медхатұлы Дәулетжанов БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы болып тағайындалды.
17 қыркүйек күні облыс әкімі жаңа басшыны басқарма ұжымына таныстырды.
- Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Есентай Қалиев Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурастар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы лауазымынан босатылды. Есентай Ғиниятұлы Қазталов ауданы әкімі қызметінен соң осы басқарманың бастығы болып тағайындалған еді. Басқарма ұжымымен бірге біраз іс атқарды. Сол үшін де өз атымнан оған рақметімді айтамын. Басқарманың алдыңғы шепке шығуына біраз тер төкті. Есентай Ғиниятұлының берілген тапсырмаларды ойдағыдай орындауына мекеме ұжымының үлкен септігін тигізгені сөзсіз. Еңбек жолында жиған-терген тәжірибесі жаңа қызметте де, алдағы уақытта да игілігіне жаратуына тілектеспін. Ал басқарма бастығы болып Амангелді Дәулетжанов тағайындалды. Амангелді Медхатұлы - облысқа танымал азамат. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін Шыңғырлау ауданында зоотехник болып еңбек жолын бастады. Аудандық, артынан облыстық комсомол ұйымының төрағасы болды. Соңғы жылдары Шыңғырлау ауданы әкімі, облыс әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. Амангелді Медхатұлының жұмысына сәттілік тілей отырып, басқарманың алдында тұрған міндеттерді орындауда мол тәжірибесін қолданады деген сенімім бар, - деді Нұрлан Асқарұлы.
Амангелді Дәулетжанов өзіне сенім білдіріп, жаңа қызметке тағайындағаны үшін облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, жаңа ұжымымен бірлесіп, тапсырмаларды толыққанды орындауға күш салатынын, сенімін ақтайтынын жеткізді.
- Нұрлан Асқарұлы, бізді тапсырманың бәрін ойдағыдай орындады деп атап өтті. Бұл - біз үшін жақсы баға. Ұжымымыздағы ынтымақтастықтың арқасында соңғы жылдары бірде-бір орман өртін болдырмадық. Былтырғы су тасқыны зардаптарын жоюда бір кісідей еңбек еттік. Табиғат қорғау шаралары да ойдағыдай жүрді. Ұжым қызметкерлерінің Амангелді Медхатұлына да көмекші боларына сенімім мол, - деді ұжымымен қоштасу сөзінде Есентай Қалиев.