Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО Тасқала ауданының әкімі тұрғындар мен өңір басшысының алдында есеп берді

ОРАЛ. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Тасқала ауданының әкімі Қуат Мусин жұртшылық алдында есеп берді. Есеп-беру кездесуге облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты.

БҚО Тасқала ауданының әкімі тұрғындар мен өңір басшысының алдында есеп берді

Аудан әкімі Қуат Мусин сөз басын өткен жылдың тарихында қалған елдің игі істерінен бастады. Елдің басты құжаты - Елбасы Жолдауы аудан басшысының есебіне тақырып болды. Бұдан кейінгі сөз ауданда қол жеткізген жетістіктермен жалғасты.

Өткен жылғы аудан бюджеті 2 млрд 40 млн 434 мың теңге көлемінде бекітілген. Соның 18 млн. 389 мыңы сала басшыларының бюджетті болжау және жоспарлаудағы қателіктерінің кесірінен игерілмей қалған екен. Ал «Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік саласының мамандарын әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін бюджеттік кредиттер» бағдарламасының іске асу қарқыны көңіл қуантады. Өткен жылы 31 жас маман тұрақты жұмыс орнын Тасқаладан тапқан екен. Оның 24-і баспаналы болған.

Кәсіпкерліктің тынысы кеңеюіне жеңілдікпен берілетін несие қолдау болып отыр. Бүгінгі таңда ауданның кәсіпкерлері мен жеке тұлғалары негізінен екі несие ұйымы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Кәсіпкер бірлік» шағын несие серіктестігімен жұмыс жасауда. Қор арқылы 20 аудан азаматы 15 млн 240 теңге сомасында несие алса, несие серіктестігі арқылы алты жоба 2,9 млн теңгеге қаржыландырылған. Игерілген несиенің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға жұмсалмақшы.

Ауданда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша екі жоба бойынша 454 млн теңге игерілді. Таратып айтқанда, 450 млн теңгеге қаржыландырылған Достық ауылындағы «Западная нефтебаза» ЖШС-нің мұнай құю терминалының құрылысы аяқтала келді, ағымдағы жылдың шілдесінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал қалған төрт миллион теңгеге «Тасқала нан» ЖШС қажетті құрал-жабдықтар алған.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген тасқалалықтарға өз кәсібін ашуға, білімін жетілдіруге үлкен мүмкіндік бергенін айта кету керек. «Аумақты дамыту» және «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламаларының нәтижесінде ауданда 470 жұмыс орны ашылып, межеленген көрсеткіш артығымен орындалды. Аталған бағдарламалар бойынша 95 адам кәсіптік білім алуға жолданды.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша он несие серіктестігіне біріккен 56 адам 150 млн теңге несие алды. Несие алушылардың 31-і мал шаруашылығын дамытып, 10-ы жеке ісін кеңейтпекші, ал тағы бір 10-ы тас шығарып, 5-уі пластикалық терезе, есік жасап, халыққа қызмет көрсетпекші.

Сондай-ақ Оян ауылының тасымал су тұтынып отырғандары, аудан орталығындағылардың бас ауруы осы ауыз су болып отырғаны алға тартылды. Өз кезегінде Қуат Мусин облыс басшысынан осы мәселені оңтайлы шешуге жәрдемдесуін сұрады.

Жиында сөз алған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев өткен жылда ел бағындырған белестерді, Елбасы жүктеген міндеттердің атқарылу барысын, облыс жұртшылығының әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайын баяндап өтті. Сондай-ақ Нұрлан Асқарұлы жарыссөз барысында көтерілген мәселелер бойынша жауап берді. Қараөзен, Сарыөзенге қосу арқылы суармалы алаң аумағын ұлғайту тек Тасқала мен облыс бойынша қолға алынатын шаруа. Елді мекендерге көгілдір отын жеткізу де өз кезегінде сатылы түрде жүзеге асатын болады. Облыс әкімі құрылысы өткен жылы қолға алынған «Чапаев - Жалпақтал - Қазталов - Жәнібек» бағытындағы жол жөнделіп бітпей, Атамекен, Оян ауылдарын орталық жолға қосу әзірше мүмкін еместігін, бірақ ол әкімдік назарында болатынын айтты. Ал аудан әкімі Қ.Мусин көтерген ауыз су мәселесі облыстық деңгейде қарастырылып, мәселе оңтайлы шешіледі.