БҚО театрында Абай сахналанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» атты реквиемінің премьерасы болды.
Қойылымның режиссері Мұқанғали Томанов болса, суретшісі - Мұрат Мәмбетов. Абай бейнесін сахнаға театрдың белді актерлерінің бірі, осы күндері елудің биігіне шыққан мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов алып шықты. Театрға келген көрермен Абай заманын басынан кешкендей әсерде болды. «Мен ішпеген у бар ма?» деп күңіренген ұлы ақынның халқы үшін аласұрған қасірет-күйін түсінгендей болды.
Премьераға арнайы келіп, қатысқан реквием авторы Иран-Ғайып «Абайдай еңіремейтін болайық, егілмейтін болайық. Халқымыздың рухы мықты болсын», дей келіп, спектакльді шебер қойғаны үшін театр режиссері мен актерлеріне шын жүректен ризашылығын білдірді.