БҚО тексеру комиссиясының жаңа мүшелері іске кірісті

Сессияда Бөкей ордасы ауданының Темір Масин, Ұялы, Мұратсай ауылдық округтеріне қарасты сәйкесінше Куйбышев, Науша, Көкқамыс елді мекендерін тарату жөнінде мәселе қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Халық қалаулылары 2014 жылға облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастарының тізбесін айқындау туралы мәселені келесі сессияға қалдырды. Сондай-ақ «БҚО бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Аталмыш мекеменің төрағасы Амангелді Нұғмановтың айтуынша, бес адамнан тұратын комиссияның екі мүшесінің бірі еңбек келісімшарты мерзімінің аяқталуына байланысты, екіншісі өз еркімен жұмыстарынан босаған. Сондықтан А корпусының 2 санаттағы резервте тұрғандар қатарынан екі үміткердің кандидатурасын депутаттар назарына ұсынды. Мәслихат депутаттары бұрын Қаржы министрлігінде қызмет еткен Мейірамхан Қыдырбаевты, бұрын Қостанай облысы бойынша тексеру комиссиясында жұмыс жасаған Қанат Алпысбаевты комиссия мүшелігіне бекітті. Бұдан басқа сессияда «БҚО бойынша тексеру комиссиясы» ММ-нің ережесін бекіту туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Халық қалаулылары облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет грамоталарымен марапаттау туралы ережені бекітіп, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға және мал шаруашылығы өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның құрамына өзгерістер енгізуді мақұлдады. №19 Шыңғырлау сайлау округінен облыстық мәслихат депутаты Асыланбек Сарқұловтың өзге қызметке ауысуына байланысты депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе оң шешімін тапты. «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің шешімімен депутат Бауыржан Тұмановқа «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін табыс етті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар әріптестері атынан Асыланбек Сарқұловтың депутаттық белсенді қызметін атап өтіп, жаңа қызметінде табыстар тіледі.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.