БҚО тұрғыны 10 қап өзен шаянымен ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы аясында балық пен шаянды заңсыз аулау деректерін анықтады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал-Атырау жолында Казталов ауданының тұрғыны айдап келе жатқан Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды.
Жүксалғышты тексеру кезінде 10 қап өзен шаянының тиісті рұқсат құжаттарынсыз тасымалданғаны белгілі болды.
- Сондай-ақ аталмыш іс-шара барысында Орал қаласында Lada Granta автокөлігі тексерілді. Салонды қарау кезінде полиция қызметкерлері 3 қапқа салынған шортан, табан және мөңке балықтарын тауып, тәркіледі. Бұл балықтар да құжатсыз тасымалданған, - деп хабарлады ведомстводан.

Бұдан бұрын заңсыз аңшылықпен айналысқан Бәйтерек ауданының тұрғыны қолға түскен болатын. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ – Кирсанов қорықшасында металл қақпандар орнатып, аң аулаған. Оқиға орнынан еліктің терісі, екі сирағы, құлағы мен жақ сүйектері және 13 дана металл тұзақ тәркіленді.
Қазіргі кезде барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. «Браконьер» іс-шарасы 19 қарашаға дейін созылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткі өсіретін жасырын фитозертхана жойылғанын жазған болатынбыз.