Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО тұрғыны жағымсыз исі бар жиһаз үшін сатушыдан 2,6 млн теңге өндіріп алды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының № 2 сотында кәсіпкер мен тұтынушы арасында туындаған дауға қатысты шешім шығарылды.

БҚО тұрғыны жағымсыз исі бар жиһаз үшін сатушыдан 2,6 млн теңге өндіріп алды
Фото: Pixabay

БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, әйел 2025 жылғы мамыр айында сатушыдан құны 948,4 мың теңге болатын жұмсақ жиһазды (диван және екі кресло) сатып алған. 

Оның сөзіне қарағанда, тауар 2025 жылғы 10 маусымда жеткізілген. Жылыту маусымы басталғаннан кейін жиһаздан жағымсыз иіс шығып, оны тұрмыста пайдалануға мүмкіндік болмаған. Осыған байланысты тұтынушы сатушыға тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы талап қойып, жазбаша наразылық жолдаған.

Сатушы жиһазға комиссиялық тексеру ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша иістің бар екені расталмаған. Осыған байланысты тұтынушыға ақшаны қайтарудан бас тартылған. Кейін тұтынушы жиһазды сатушының дүкеніне апарып, сол жерде қалдырған.

Одан кейін талапкер сотқа жүгініп, сатушыны тауардың құнын қайтаруға, айыпақы төлеуге және моральдық зиянды өтеуге міндеттеуді сұраған. Өз кезегінде сатушы қарсы талап арыз берген.

Сот талқысына Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» РМК-ның БҚО бойынша филиалының маманы қатысқан.

Филиал маманының түсіндіруінше, ауадағы ацетон, толуол, фенол және формальдегидтің мөлшеріне зертханалық өлшеулер жүргізілген. Зерттеу нәтижелері аталған химиялық заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден аспағанын көрсеткен. Маман даулы жиһаздан иістің шығатынын растағанымен, оның табиғатын анықтай алмаған. Осыған байланысты ол тиісті зерттеулер жүргізу үшін токсикологиялық зертханаға жүгінуді ұсынған.

Жауапкер комиссиялық тексеру актісінде иістің бар екені анықталмағанын, сондай-ақ талапкер өндірістік ақауды растайтын сараптама қорытындысын ұсынбағанын алға тартқан. Сонымен қатар тұтынушыны жиһазды алып кетуге міндеттеуді және оны сақтау шығындарын өндіруді сұраған. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес, егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленсе, тұтынушы тауардың кемшіліктеріне байланысты талаптарды кепілдік мерзімі ішінде қоюға құқылы. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі.

Сондай-ақ ҚР Азаматтық кодексі 429-бабының 2-тармағына сәйкес, егер сатушы тауардың сапасына кепілдік берген болса, ол тауардағы кемшіліктер үшін жауап береді.

Осылайша, заңнама кепілдік мерзімі ішінде анықталған ақаулар бойынша өндірістік кемшіліктің жоқ екенін және сатушының кінәсіздігін дәлелдеу міндетін тікелей сатушының өзіне жүктейді.

— Істі қарай келе, сот сатушыдан тұтынушының пайдасына тауардың құны ретінде 948,4 мың теңге, оған қоса 1 млн 659,7 мың теңге айыпақы, 50 мың теңге моральдық зиян және 11 467 теңге мемлекеттік бажды төлеуге байланысты сот шығынын өндірді. Сот шешімі күшіне енген жоқ. Сатушы БҚО сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым беруге құқылы, — деді Эльмира Қиматова. 

Еске салайық, бұдан бұрын БҚО-да 90-нан астам кәсіпкердің сауда бағасын асырып сатқаны белгілі болғанын жазған едік.