БҚО: Жазушы Р.Малабаевтың жеке қорынан «Жаңа әдебиет» журналы табылды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жазушы-драматург Рахметжан Малабаевтың Қаратөбе аудандық мұрағатында сақталған жеке қорынан 1929 жылы Қызылордада басылып шыққан «Жаңа әдебиет» журналының №7, 9, 10, 11 сандары табылды.
Журналист Ертай Бимұхановтың хабарлағанындай, «Казиздат» баспаханасынан шыққан басылым 3 мың данамен таралған екен. Қазақтың көрнекті жазушы-қаламгерлері Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, сондай-ақ Әбдірахман Байділдин, Молдағали Жолдыбаев, Шәймерден Тоқжігітов алқа мүшесі болған. Осылардың ішінде Әбдірахман Байділдин сол 1929 жылы басталған саяси қуғын-сүргін кезінде қамалып, 1931 жылы ату жазасына кесілсе, Б.Майлин, М.Жолдыбаев, Ш.Тоқжігітовтер де кейін соның жолын құшты.
Латын, араб және кириллица қарпімен басылған журнал беттерінде әдеби шығармаларға қоса қоғамдық-саяси тақырыптағы мақалалар да басылған. Мысалы, «Саяси арна», «Іледегі еңбек», «Оңтүстік жолда», «Өлке комиссияларының делегаттары келгенде», «Сабыр Сәрінұлы. Сүлік», «Ембі», «Алатау», «Бұғыбайдың өлеңі», «Үйретіп-үйреніп. Күздің түрі. Қуаныш», «Зәбрек. Достардың әңгімесі», «Өмірқұлдың өмірі. Оралымның өлеңі», «Айтыстың бөлімі» және басқа мақалалар мен туындыларға орын берілген. Соның ішінде «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы қыркүйектегі №9 (21) санынан «Көк үйдегі көршілер» әңгімесін кездестіруге болады.
Журналдың кезекті бір санында: «Бейімбет. Көзілдірік. 3 бөлімді пьеса. Бәсі 27 тиын. Шағын арада басылып шықты. Жергілікті білім дүкендерінің бәрінде де сатылады. Көптеп алатындарға скидка жасалады. Ақшасын жіберіп тура алдырамын деушілерге адрес: Қызылорда. Казиздат» делінген құлақтандыру да жарияланған.
Қазіргі кезде араб қарпімен берілген әдеби туындылар аударылу үстінде.
Айта кетейік, Рахметжан Малабаев (1884-1962) 1910 жылы мұғалімдер даярлайтын Орынбор мектебін бітірген. Көп жыл ұстаздық еткен оның өлеңдері мен мақалалары «Айқап» журналы, «Қазақ» газетінде жарияланып тұрған. 1926 жылы-ақ алғашқылардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып үлгерген қаламгердің «Тура тиген қарғыс» атты комедиясы (1922), «Аштықтың құрбаны» повесі (1929), «Атамандар жорығы» атты әңгімелер жинағы (1934) жарық көрген. Сонымен қатар ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаумен де айналысқан жазушының ұрпақтары Батыс Қазақстан облысында тұрады.