Білім беру нысандарындағы тамақтан улану жағдайы 4 есе төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда 2026 жылдың жеті айында білім беру нысандарына байланысты тіркелген тамақтан улану жағдайларының саны төрт есеге азайды. Мұндай нәтижеге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында балалар болатын нысандарға мемлекеттік бақылауды күшейту нәтижесінде қол жеткізілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың жеті айында 8 жағдай тіркеліп, 118 бала зардап шеккен. 2026 жылдың осы кезеңінде 2 жағдай тіркеліп, 13 бала зардап шекті.
Маңғыстау облысындағы білім беру нысандарында тамақтан уланумен байланысты топтық ауру жағдайларынан кейін мемлекет балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған қосымша шаралар кешенін қабылдады.
2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар болатын нысандарға мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін көздейтін Заңға қол қойды. Жаңа тетік 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді.
Бұл балалар болатын нысандарда санитариялық талаптардың сақталуына бақылауды күшейтуге және ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға мүмкіндік берді.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында Тамақтану стандарты және бірнеше нұсқадан тұратын үлгілік перспективалық мәзір қолданылады.
Құжаттар балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануының заманауи қағидаттарын ескере отырып әзірленген. Бұл ретте өнімдердің қауіпсіздігіне, оларды сақтау және дайындау жағдайларына ерекше назар аударылады.
-Балалардың қауіпсіздігі – мемлекеттің сөзсіз басымдығы. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін балалар болатын нысандарға бақылауды күшейтіп, мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды арттырып жатырмыз. Біздің міндетіміз – бұзушылықтарға жауап беріп қана қоймай, қауіптердің алдын алу. Баланың сырқаттануының бір ғана жағдайының өзі тексеру жүргізуді және қажетті шараларды қабылдауды талап ететінін айта кету керек,-делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өңірлермен және білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысы жалғасып жатқаны айтылған.
Балалардың қауіпсіздігі, мектептердің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы және мектептегі тамақтанудың сапасы мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.
Осыған дейін Алматы облысында 70-тен астам мектепте мыңнан астам бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілмегені туралы жаздық.