Білім беру ұйымдарындағы тамақтану нысандарын бақылау тәсілі өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM - Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улану жағдайы оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруды мемлекеттік бақылау тәсілдерін өзгерту қажеттігін көрсетті.

Школьная столовая Мектеп асханасы
Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметінше, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзуға байланысты проблемаларды жүйелі шешу үшін комитет білім беру нысандарын мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдерін әзірледі.

Олар балалар болатын нысандарға ерекше мәртебе беруге, объективті бағалау үшін тексерулер туралы алдын ала хабарламаны алып тастауға, сондай-ақ нысандарды санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында мониторингтік сапарларды енгізуге бағытталған.

Қазір ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген қолданыстағы нормалар уәкілетті органдарға балалардың барлық болу нысанын мемлекеттік бақылаумен толық қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының мектеп асханаларында балаларды топтық улану фактілері бойынша тапсырмасының шеңберінде Бас прокуратурамен келісе отырып, Маңғыстау облысының білім беру мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр.

- Өңірде тексеру үшін барлығы 72 нысан айқындалды, бүгінде 14 мектеп ас блогы тексерумен қамтылды. Улану жағдайларын тергеп-тексеру және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі органдардың өкілдерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Біздің тараптан ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарының, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен және ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығынан 7 маман енгізілді, - делінген комитет хабарламасында.

Бұған дейін министрлік Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларын тексеріп жатқанын жазған болатынбыз.

Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Манашы жалпы білім беретін мектебінің 12 оқушысының арасында тамақтан болған топтық инфекциялық ауру фактісі бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар