Білім грантын иелену үшін ҰБТ-ның ең төменгі балы жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұйрық 2026 жылғы 18 шілдеден бастап қолданысқа енеді.
Құжатқа сәйкес, білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу немесе ақылы бөлімге түсу үшін жоғары оқу орнының санаты мен даярлау бағытына қарай ҰБТ-ның ең төменгі шекті балы сақталады.
Атап айтқанда, ұлттық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсу үшін талапкерлер кемінде 65 балл жинауы тиіс. Оның ішінде:
«Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша – 75 балл;
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – 70 балл;
«Құқық» бағыты бойынша – 75 балл;
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттары бойынша – кемінде 50 балл.
Ағымдағы күнтізбелік жылы құрылған және білім беру қызметіне лицензия алған жаңа ұлттық жоғары оқу орындары үшін ең төменгі шек 50 балл болып белгіленді. Дегенмен педагогикалық, медициналық және заң мамандықтарына түсу кезінде бұрынғыдай жоғары талаптар сақталады: тиісінше 75, 70 және 75 балл. Қалған жоғары оқу орындары үшін де ең төменгі өту балы 50 балл деңгейінде қалады. Бірақ педагогикалық, медициналық және заң бағыттарындағы білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін жоғары шекті балдар қолданылады.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап талапкерлер жоғары оқу орнына қосымша емтиханнан сәтті өткен немесе оқу орны талапкерлердің рейтингтік нәтижелерін ескере отырып өзі белгілейтін өту балын жинаған жағдайда ғана қабылданады. Сонымен қатар «Қазақстан тарихы» пәні, екі бейіндік пән және шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балл жинау міндетті.
Өзгерістер қысқартылған білім беру бағдарламаларына түсушілерге де қатысты. Колледж түлектері ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 25 балл, ал «Педагогикалық ғылымдар» бағытына түсу үшін кемінде 35 балл жинаған жағдайда білім беру гранттары конкурсына қатыса алады. Бұл ретте ҰБТ-ның әр пәні мен шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл алу қажет.
ҰБТ-ны электрондық форматта тапсырылған жағдайда талапкер белгіленген талаптарға сәйкес келетін екі тестілеу нәтижесінің біреуімен конкурсқа қатыса алады.
Құжатта мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды қабылдау тәртібі де нақтыланған. Олар әскери қызметтен кейінгі екі жыл ішінде «Педагогикалық ғылымдар» бағытын қоспағанда, ҰБТ тапсырмай-ақ әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Осындай тәртіп қысқартылған білім беру бағдарламаларына қабылдау кезінде де қолданылады.
Жоғары оқу орындары қосымша, арнайы немесе шығармашылық емтихандар аяқталған күні олардың нәтижелерін Ұлттық тестілеу орталығының цифрлық жүйесіне енгізуге міндетті. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін жоғары оқу орнының басшысы оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Мұнан бөлек, аталған бұйрықпен магистратура бойынша білім беру бағдарламаларына қабылдаудың үлгілік қағидаларына да өзгерістер енгізілді.
Бұған дейін ҰБТ-ны алмастыратын жаңа емтихан моделі әзірленіп жатқанын жазған едік.