Білім гранттарын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен байланыстыру артық – Қанат Бозымбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Білім гранттарын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен байланыстыру артық. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

Қанат Бозымбаев
Фото: Үкімет

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас мамандарды ауылдық аумақтарға тартуға бағытталған. Негізгі шаралар: бір жолғы төлемдер және үй алу не салу үшін кредиттер. Жоба аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында көбіне ветеринарлар, агрономдар, мал және орман шаруашылығы мамандары сұранысқа ие. Оларға бюджеттік кредиттер беріліп жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдар кадр қажеттілігін өздері қалыптастырады. Қандай мамандар қажет екенін біледі, талдау жасайды.

- Еңбек нарығының қажеттілігі жылына бірнеше рет айқындалып, түзетіліп отырады. Мемлекеттік білім гранттарын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен байланыстыру бүгінде артық деп ойлаймын. Өйткені бала университетке түсіп, 4 жыл оқиды. Ал сол уақытта ауылда аталған қожалық жұмыс істей ме, істемей ме, маман қажет бола ма? Өйткені 4 жыл ішінде қажетті маман келетін шығар, - деді Қанат Бозымбаев сенаторлардың сауалына орай.

Вице-премьер ауылдағы бизнеске «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы емес, басқа бағдарламалар арқылы жеңілдіктер әзірлеуге болатынын айтты.

- Бұл бағытта жұмыс істейміз, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осы орайда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бірнеше бағдарламаны қарап, керек болса біріктіруді немесе үйлестірілуін күшейтуді ұсынды.

Сондықтан алдағы уақытта бірнеше ұқсас бағдарламаны қарап, біріктіріп, оңтайландыру және әлеуметтік қосымша тетіктерді енгізу қажет сияқты. Осы бағытта сараптауларды жүзеге асырған орынды болар еді деп есептейміз, - деді палата төрағасы.

Қанат Бозымбаев мұндай ұсынысқа қолдау білдірді.

- Қолдаймын, тиісті сараптама жүргіземіз. Содан кейін Парламентке келіп тиісті тәсілдер енгіземіз, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін палата отырысында Қанат Бозымбаев Сенаттың бір топ депутатының депутаттық сауалына ауызша жауап берді.

Соңғы жаңалықтар