Блогер астық экспортына қатысты проблемалардың қалай пайда болатынын анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Блогер Бексұлтан Сандыбеков астық экспортындағы кідірістің нақты қай тұста туындайтынын анықтау үшін элеваторларды аралап, логистермен және операторлармен кездесті.

экспорт
Фото: ҚТЖ

Оның айтуынша, сырт көзге астық экспорттау процесі «жүктеу – жөнелту – шетелге шығару» сияқты қарапайым көрінгенімен, іс жүзінде фермер егіндігінен бастап шекарадан өтетін құрамға дейінгі бүкіл тізбекке әсер ететін күрделі логистикалық жүйе бар.

Блогердің байқауынша, Қазақстан аумағындағы жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Жоғары жүктемеге қарамастан, кідіріс жоқ:

– астық кезексіз қабылданады және кептіріледі;
– элеваторлар вагондарды кесте бойынша жүктейді;
– теміржол операторлары құрамдарды уақытында ұсынады;
– астық таситын вагондар паркі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.

Проблемалар құрам ел аумағынан шыққаннан кейін ғана басталады.

Логистер мен станция қызметкерлерінің айтуынша, кешігудің басты факторы – көрші мемлекеттердің вагондарды біркелкі қабылдамауы. Мәселен, Сарыағаш өткізу пунктінде жағдай тәуліктің өзінде өзгеріп отырады. Қабылдаушы тарап бірде жылдам түсірсе, бірде кенеттен шектеу енгізеді. Тағы бірде шамадан тыс жүктеме немесе жолдардың болмауына байланысты түсіруді тоқтатады.

Нәтижесінде құрамдар бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейін кезек күтуге мәжбүр.

Бексұлтан Сандыбековтың қорытындысы бойынша, экспорт – тек фермер немесе теміржол жұмысы емес. Қазақстан шекарасынан тыс жердегі кез келген іркіліс ел ішіндегі бүкіл саланың қарқынын тежей алады. Сондықтан бұл мәселелерді мемлекетаралық деңгейде шешу қажет.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстаннан Сианьға астық тасымалдау арнасы ашылды.

 

Соңғы жаңалықтар