Блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Сауран аудандық полиция бөлімі сотталушыны мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған.

Түркістан қаласының ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған ер адамға қатысты ұсыным қаралды.
Сотталушы 2024 жылы соттың қаулысы негізінде ҚК 72-бабына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Содан Түркістан облысының полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған.
Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, ол 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмеген және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған.
- Сот қаулысымен Түркістан облысы полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылды. Ер адамды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды. Ер адам сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын 12 жасар қызды азғындыққа итермелеген ер адам сотталғанын жазған болатынбыз.