Bloomberg: Ирак мұнайын тиеген танкер Ормуз бұғазынан өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Bloomberg жариялаған кеме қозғалысын бақылау деректеріне сәйкес, кеше Ормуз бұғазы арқылы ирак мұнайын тасымалдаған Ocean Thunder танкері өткен, деп хабарлайды Agenzianova.
Шамамен 1 миллион баррель мұнай тасымалдауға қабілетті бұл кеме наурыз айының басында Басра терминалында жүк тиеп, Малайзияға бағыт алған.
Бақылау мәліметтері Ocean Thunder танкері бұғазға Тегеран бұрын мақұлдаған бағыт бойынша кіргенін көрсетеді. Сонымен қатар Bloomberg кеме қозғалысын бақылау деректері әрдайым нақты бола бермейтінін атап өтеді. Бұған сигналдағы техникалық ақаулар немесе қауіпті аймақтарда навигация кезінде таратқыштардың әдейі өшірілуі себеп болуы мүмкін.
4 сәуір, сенбі күні «Хатам әл-Анбия» жедел қолбасшылығының өкілі Ибрахим Зольфагари Иракқа теңіз қозғалысына қатысты шектеулер қолданылмайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шектеулер тек «дұшпан мемлекеттерге» ғана қатысты болады. Аталған құрылым Иранның тұрақты қарулы күштері мен Ислам революциясы сақшылар корпусын біріктіреді.
Түркия көлік министрі: Соғыс басталғалы бұғаздан үш кеме ғана өтті
Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан бері Ормуз бұғазы арқылы Түркияға тиесілі небәрі үш кеме өткенін мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu хабарлады.
Оның айтуынша, Түркияға тиесілі мұнай тасымалдайтын танкер Ормуз бұғазы арқылы Парсы шығанағынан аман шыққан.
Министрдің дерегінше, қазіргі таңда Ормуз бұғазы маңында Түркияға тиесілі 12 кеме бар. Түрік тарапы сегіз кеменің және 156 экипаж мүшесінің қауіпсіз қозғғалысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Осыған дейін Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы 90% қысқарғаны туралы жаздық.