Blue Origin зымыраны сынақ кезінде жарылды: NASA-ның Ай бағдарламасына қауіп төнді
АСТАНА.KAZINFORM — Флоридадағы ғарыш айлағында New Glenn зымыранының жарылуы NASA жүзеге асырып жатқан бірнеше Ай жобасының кешігуіне себеп болуы мүмкін. Апат астронавттарды Айға қайта жіберу жоспарларына ғана емес, сонымен қатар Amazon компаниясының спутниктік желісін дамыту жұмыстарына да әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды ВВС.
28 мамыр күні New Glenn зымыраны Кеннеди ғарыш орталығы аумағындағы LC-36 ұшыру кешенінде қозғалтқыштарды жоспарлы сынау кезінде жарылды. Компания мәліметінше, қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ. Джефф Безос бұл оқиғаны компания үшін ауыр күн деп атап, инфрақұрылымды қалпына келтіріп, ұшыру бағдарламасын жалғастыруға уәде берді.
Жарылыс салдарынан ұшыру кешенінің нысандары, соның ішінде найзағайдан қорғайтын мұнаралардың бірі зақымданған. LC-36 алаңы New Glenn зымыранын ұшыруға арналған жалғыз кешен саналады.
Сарапшылардың бағалауынша, кешенді қалпына келтіру және қайта сертификаттау бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал дәл осы New Glenn зымыраны NASA-ның Ай бағдарламасында маңызды рөл атқаруы тиіс.
Алдағы негізгі миссиялардың бірі — Blue Moon Mark 1 Endurance аппаратын ұшыру. Ол 2026 жылдың күзіне дейін Айдың оңтүстік полюсі маңына NASA-ның ғылыми жабдықтарын жеткізуі керек. Жоба болашақта адам қатысатын экспедицияларға дайындық кезеңдерінің бірі ретінде қарастырылады.
Бұдан бөлек, NASA жақында Blue Origin компаниясымен Айдың оңтүстік полюсіне екі коммерциялық луноход жеткізу жөнінде 468 миллион долларға дейінгі келісімшарт жасасты. Бұл аппараттарды Astrolab және Lunar Outpost әзірлеп жатыр.
Луноходтар Ай бетіне астронавттар қонғанға дейін жеткізілуі тиіс. NASA адамдарды Айға 2028 жылға қарай қайта жіберуді жоспарлап отыр. Алайда соңғы апат бағдарламаның мерзімдерін қайта қарауға мәжбүр етуі мүмкін.
Жарылыс Amazon-ның бұрын Project Kuiper деп аталған Leo спутниктік жобасына да әсер етті. New Glenn зымыраны орбитаға кеңжолақты интернетке арналған тағы 48 спутникті шығаруы керек болатын.
Қазіргі уақытта Amazon орбитада 300-ден сәл астам спутникке ие болса, SpaceX компаниясының Starlink жүйесінде 10 мыңнан астам аппарат жұмыс істеп тұр.
Ғарыш саласындағы бәсекелестік те күшейіп келеді. АҚШ Айға қайта ұшып, оның бетінде тұрақты база құруға ұмтылып жатқанда, Қытай өз пилотталатын Ай бағдарламасын дамытып, ғарышкерлерін 2030 жылға дейін Айға қондыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, сәуір айында «Артемида-2» миссиясымен Айға кеткен астронавтар Жерге оралды.