BMW басшысы компанияда 35 жыл жұмыс істегеннен кейін отставкаға кетті

АСТАНА. KAZINFORM — BMW неміс автоконцерні басшылықты өзгертті. 2019 жылдан бері компанияны басқарып келе жатқан Оливер Ципсе бас директор қызметінен кетті.

BMW басшысы компанияда 35 жыл жұмыс істегеннен кейін отставкаға кетті
Фото: BMW

BMW компаниясының сайтында хабарланғандай, оның орнына Милан Неделькович тағайындалды. Басшылық ауысуы туралы шешім 2025 жылдың соңында-ақ ресми түрде жарияланған, сондықтан бұл өзгеріс алдын ала жоспарланған және тосын жағдайсыз жүзеге асты.

Оливер Ципсенің BMW-дегі мансабы 1991 жылы тағылымдамадан (стажировкадан) басталған. Отыз жылдан астам уақыт ішінде ол корпоративтік мансаптың барлық негізгі кезеңдерінен өтіп, әлемдегі ең ірі автоөндірушілердің бірінің басқару деңгейіне дейін көтерілді.

Оның бас директор ретіндегі кезеңі әлемдік автомобиль өнеркәсібі үшін күрделі уақытта өтті.

Ол басқарған кезеңде BMW COVID-19 пандемиясы, жаһандық жартылай өткізгіш (чип) тапшылығы және нарықтың электр көліктеріне жедел ауысуы сияқты қиындықтарға тап болды. Соған қарамастан, компания тұрақты табысты сақтап қала алды.

Ципсенің жұмысының негізгі бағыттарының бірі — электр көлігіне көшу стратегиясы болды. Кейбір бәсекелестерден айырмашылығы, BMW іштен жану қозғалтқыштарынан толық бас тартпай, аралас тәсілді таңдады: электр көліктерін, гибридтерді және бензин мен дизельмен жүретін көліктерді қатар дамытты.

Ол бірнеше рет тек электр көлігіне толық көшу идеясын сынға алған. 2025 жылдың көктемінде акционерлерге берген мәлімдемесінде тек бір технологияға сүйену сала үшін қате шешім болуы мүмкін екенін айтқан.

Сала өкілдері Ципсенің кетуіне реакция білдіріп үлгерді. Mercedes-Benz бас директоры Ола Каллениус BMW басшысы мен оның командасының кәсіби диалогы және әділ бәсекелестігін әрқашан бағалайтынын атап өтті. 

Биыл ақпан айында кабельдердің дұрыс салынбауына байланысты BMW концерні бүкіл әлем бойынша 330 мыңға жуық көлікті қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Ақау көліктің өртенуіне әкелуі мүмкін.