«Богатырь Көмір» компаниясында ер адам биіктен құлап, ауыр жарақат алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оқиға 2 тамыз күні көмір кеніші аумағында болған.

Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-ның аумағында 1993 жылғы қызметкер жұмыс уақытында жоғары кернеулі электр бағандарында жөндеу жүргізу кезінде биіктен құлаған. Зардап шегуші оқиға салдарынан ауыр жарақат алып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
- Жазатайым оқиға 2 тамыз күні тіркелді. Зардап шеккен адам «Богатырь Көмірде» жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу бойынша электрші-слесарь болып еңбек еткен. Біздің басқарма аталған жазатайым оқиға бойынша қазір тергеу іс-шараларын бастады. Алғашқы түскен ақпараттар бойынша, ол жұмысын аяқтап биіктен түсіп келе жатқанда құлаған. Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, ол ауыр жарақаттанған, жағдайы ауыр. Оқиғаның толығырақ мән-жайы тергеу аяқталған соң ғана белгілі болады. Ер азаматтың отбасы бар,-деп хабарлады Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыров.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі жазатайым өндірістік оқиғаны тіркеді. Еңбек инспекциясы жүргізіп жатқан тергеу іс-шаралары полицияға беріледі. Егер оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталса, қылмыстық іс қозғалуы ықтимал.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы шұғыл түрде науқастың бас миына ота жасалғанын, бас сүйегінің ішіндегі гематомалар алынып тасталғанын хабарлады.
- Науқастың жалпы жағдайы қазіргі сәтте аса ауыр деп бағаланады. Ашық бас-ми жарақаты, ми соғылуы және айқын жалпы ми симптоматикасы диагнозы қойылды. Жағдайының ауырлығы жасалған ота көлемі мен сипатына да байланысты. Науқас өкпені жасанды демалдыру аппаратына қосылған, гемодинамикасы тұрақсыз, вазопрессорлық қолдау көрсетілуде,-деді өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.
Бұған дейін «Богатырь Көмір» компаниясы бюджетке 777 млн теңге салық төлемегені туралы жазғанбыз.