Бөгет бұзылды: Астана–Қорғалжың жолында тасқын суға қарсы қорғаныс күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл шара еріген қар суын дала аймағына бағыттау мақсатында қолға алынды.
ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың және тұрғындардың күштерімен суды дала аймағына қайта бағыттау мақсатында Астана–Қорғалжың республикалық трассасының жол төсемінің деңгейін көтеру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл шара еріген қар суын дала аймағына бағыттау мақсатында қолға алынды.
— Халық үшін қауіп жоқ. Жұмыстар тәулік бойы жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта шамамен 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалды, ұзындығы 800 метрге жуық топырақ үйіндісі төселді, — делінген ТЖМ хабарламасында.

Арнайы техника мен ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамы кезекшілік атқарып жатыр. Су басудың алдын алу және автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оқиға орнында ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы мен ТЖ департаментінің басшылығы жұмыстарды үйлестіріп жатыр.

Жағдай ТЖМ бақылауында.
Айта кетелік Ақмола облысында «Шоптыкөл» бөгеті бұзылған еді.