Бөкей ордасы ауданының қайта құрылғанына 40 жыл толғанына орай салтанатты шаралар өтуде

Мерейтойға келген қонақтарды алдымен аудан әкімі Рахман Карин қабылдап, құрмет көрсетті. Содан кейін меймандар Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің экспозицияларымен танысып, аудан орталығындағы әлеуметтік мекемелерде болды.
Аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты жиналыс «Жасай бер, туған өлке, құт мекенім» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара барысында ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Мерекелік шаралар 9 мамыр күні де жалғасады. Бұл күні Сайқын ауылындағы ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, дала қызықтары, ұлттық спорт ойындары, Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт болмақ. Кешкісін халық серуені мерекелік отшашуға ұласпақ.
Өткен жылы Бөкей хандығының 210 жылдығы аталып өтілген болатын. Тарихи өңірде Кеңестік дәуірде әскери полигонға жердің берілуіне байланысты 1952 жылы Орда ауданы таратылып, 1972 жылы қайта құрылды.
Бөкей ордасынан көптеген тарихи тұлғалар, соның ішінде Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, алғашқы қазақ кеңес генералы Шәкір Жексенбаевтар шықты.