Бокс: Қ. Әбутәліпов пен С. Сәпиев Әлем чемпионатының ширек финалына шықты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлем біріншілігінде 54 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап жатқан Қанат Әбутәліпов 1/8-ші финалда венгриялық Кристиан Лакоташты 21:5 есебімен айқын басымдылықпен жеңді. Ал 69 келіде сынға түсуші Серік Сәпиев текетірес жекпе-жекте украиналық Тарас Шелестюкті 16:11 есебімен жеңді. Өкінішке қарай, аса ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан Иван Дычко (+ 91 келі) ресейлік боксшы Денис Сергеевтен 15:11 есебімен ұтылып, жарыстан шығып қалды.
Енді Әбутәліпов жартылай финалға шығу үшін қыркүйектің 9-ында кубалық Янкель Леон Аларконмен, ал Сәпиев қырғыз Асандулло Баймуродовпен қолғап түйістіреді. Бүгін тағы екі боксшымыз ширек финалға шығу үшін кезекті жекпе жектерін өткізеді. Олжас Сәттібаев (51) англиялық Халид Ясафпен, ал Рүстем Сыбаев (64) түркиялық Онур Сипаломен шаршы алаңға шығады.
Айта кетейік, бұл әлем біріншілігіне бокстан Қазақстан құрамасы толық құрамда барды. Алайда бүгінге дейін жеті бірдей боксшымыз, атап айтқанда, Әділет Қапезов (48), Ержан Мұсафинов (57), Ғани Жайлауов (60), Азамат Белгібаев (75), Данияр Үстембаев (81), Василий Левит (91) және Иван Дычко (+91 келі) жарыстан шығып қалды.