Бокс: Қазақстан құрамасы Ташкенттегі халықаралық тунриде 1 алтын, 1 күміс және 1 қол медаль алды
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бокстан Ташкентте өткен Өзбекстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сидней Джаксонды еске алуға арналған халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алтын медальді 91 келі салмақта сынға түскен Данияр Үстембаев иеленді. Ол финалда ирандық боксшы Али Мазакериді ұтты. Ал, екі дүркін әлем чемпионы, 69 келі салмақта ел намысын қорғаған Серік Сәпиев күміс жүлдені қанағат тұтты. Серік ақтық сында өзбек боксшысы Азамат Ергашевқа есе жіберді. Қола жүлдені аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Руслан Мырсатаев еншіледі.
Айта кетейік, Ташкенттегі халықаралық турнир мамырдың 16-20-сы күндері өтті. Оған Ресей, Германия, Иран, Тайвань, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 100-ден астам спортшы қатысты. Бұл турнирде Қазақстан атынан сондай-ақ, Біржан Жақыпов (49 келі), Мирас Жақыпов (52 келі), Данияр Төлегенов (56 келі), Самат Башенов (60 келі), Данияр Елеусінов (64 келі), Данабек Сужанов (75 келі), Марат Қиясов (81 келі) сынға түсті.