17:30, 06 Мамыр 2023 | GMT +5
Бокстан ӘЧ: Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов 1/8 финалға өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл бокс мектебінің түлегі, Азия чемпионы А.Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда Тринидад және Тобаго өкілі, 37 жастағы Аарон Принспен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта-ақ төрешілер түгелдей Асланбек басым деп тапты. Екінші, үшінші кезеңде де ештеңе өзгерген жоқ. Қорытынды есеп – 5:0, А.Шымбергеновтің пайдасында.
Асланбектің келесі қарсыласы – израильдік Мирослав Капулер.
Еске сала кетейік, бүгін әлем чемпионатында Дулат Бекбауовтың келесі айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Өзбекстан құрамасындағы қазақ жігіті жеңіске жетті.
Фото: сұхбат кадрынан алынды