Бокстан ӘЧ: Василий Левит жартылай финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Василий Левит келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлем чемпионатында 91 келі салмақ санатында рингке шыққан Василий Левит австралиялық  Джэйсон Уайтлимен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Жартылай финалда Василий 27 жастағы Куба спортшысы Эрисланди Савонмен кездеседі. Савон Дохада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Рио Олимпиадасының қола медаль иегері. Левит пен Савонның жекпе-жегі 31 тамыз күні өтеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Әбілxан Аманқұл 75 келі салмақ санатында рингке көтеріліп, Рио Олимпиадасының чемпионы, кубалық Арлен Лопесті ұтқан болатын.

Тағы бір қазақ боксшысы Қайрат Ералиев (56 келі) ширек финалда неміс боксшысы Ел-Хаг Омармен кездесіп, оны жергілікті жанкүйерлер алдында жерге қаратты. 

Ал оның алдында 49 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз Жомарт Ержан екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері ресейлік Василий Егоровтыұтқан еді. 

Алда тағы 3 қазақ боксшысы жартылай финалға шығу үшін шаршы алаңда бақ сынайтын болады. Олар: Абылайхан Жүсіпов (69), Қамшыбек Қоңқабаев (91 кг) және Ерік Әлжанов (81).

Соңғы жаңалықтар