Бокстан әлем чемпионатында жетістікке жеткен әйелдер құрамасы Алматыға оралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатынан оралған Қазақстанның әйелдер құрамасын Алматы әуежайында салтанатты түрде қарсы алды.

15-нен 16 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайында ерекше атмосфера орнады. Бұл уақытта Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатынан оралған Қазақстанның әйелдер құрамасын күтіп алу шарасы өтті. Күтіп алушылар қатарында Kazinform тілшісі де болып, ел мақтаныштарымен сұхбаттасты.

Қазақстанның әйелдер құрамасы 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатында медальдар саны бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар елдің абсолюттік жеңісіне зор үлес қосты — 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль. Құрама түнгі уақытта ұшып келсе де, оларды қарсы алуға тек туыстары мен жақындары ғана емес, көптеген жанкүйер де келген. Салтанатты атмосфераны әскери оркестр мен домбырашылар жандандыра түсті.
Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Наталья Богданова, Аида Әбікенова, Виктория Графеева және Ельдана Тәліпова жалпы залға шыққан бойда дәстүр бойынша бауырсақ пен қымыздан дәм татты. Кейін олар жақындарымен қауышты.

26 жастағы әлем чемпионы Наталья Богданова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мұндай керемет қарсы алуды күтпегенін айтты.
— Әрине, бізді қолдайтын, бізге сенетін отандастарымыздың барына қуаныштымыз. Біз сол үшін жаттығып, еліміз үшін жарысқа шығамыз. Чемпионаттағы ең қиын жекпе-жек? Жергілікті спортшымен (ағылшынмен — авт.) болған кездесу. Оның өз елінде екенін жақсы түсіндік, мен бар күшімді салып, финалға өтуге тырыстым. Және ол менің қолымнан келді, — деді Богданова.
Оның айтуынша, алдағы жоспарлар — алдымен демалу, кейін жаңа турнирлерге дайындалу.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері 24 жастағы Виктория Графеева әуежайдағы қарсы алу өте әсерлі болғанын айтты.

— Қаншама адам келіп қолдады — туыстар, жанкүйерлер, барлығы құттықтап, қолдау білдірді. Біз, спортшылар, ең алдымен еліміздің абыройы үшін өнер көрсетеміз. Халықтың осындай қолдауын көру — үлкен қуаныш. Мен қола жүлдегер атансам да, халықтың қолдауы жігер береді. Келесі жарыстарда бұдан да жоғары медаль алуға тырысамын, — деді Графеева.
Оның айтуынша, ең қиын жекпе-жек алғашқысы болған, себебі ол кезде қарсыласы өте тәжірибелі спортшы болған және өзі сәл суық тигізіп алған екен.
— Бірақ турнирдің соңына қарай қарқын алып, жеңілдеу болды. Жартылай финалда төрешілер жеңісті қарсыласқа берді, бірақ мен өз жекпе-жегімде жеңілдім деп санамаймын. Төрешілердің шешімі солай болғанымен, енді келесіде оларда еш күмән тумауы үшін барымды салу керек, — деп түйіндеді Графеева.
Құраманың ең атақты спортшысы, үш дүркін әлем чемпионы, 32 жастағы Назым Қызайбай Ливерпуль-2025 жарысында күміс жүлде иеленді. Алайда бұл нәтижеден оның көңілі түспей, керісінше, алға жетелейді екен.

— Менің басты мақсатым — 2028 жылғы Олимпиадада алтын медаль иелену. Мүмкін, салмақ дәрежесін ауыстыру керек болар. Мен оған дайынмын, бастысы — мақсатқа жету, — деді Назым Қызайбай.
Жанкүйерлермен суретке түскеннен кейін, қыздар жақындарымен қайта қауышуға мүмкіндік алды.

Алда — қысқа демалыс пен отбасымен өткізетін көптен күткен уақыт. Одан кейін күш жинаған соң, спортшылар қайта жаттығуға кірісіп, отандастарын жарқын жеңістерімен тағы да қуантуға аттанады.
Еске салайық, Қазақстан бокстың отанында — Англияда өткен тарихи әлем чемпионатында зор табысқа қол жеткізді. Бұл жеңістің отандық және әлемдік спорт үшін маңызы ерекше.