Бокстан Азия чемпионатында аса ауыр салмақта төрт қазақ сынға түсіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында 90 келіден жоғары салмақта ұлты қазақ төрт боксшы сынға түседі.
Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Еліміздің атынан бұл салмақта Айбек Оралбай шаршы алаңға шығады. Сондай-ақ оған қарсылас ретінде Бекнұр Қали (Моңғолия), Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Данабек Байқоныс (Қытай) және Арман Маханов (Өзбекстан) белгіленген.
Енді Айбек Оралбай ширек финалда өзбекстандық Арман Махановпен қолғап түйістіреді. Арман іріктеу кезеңінде Бекнұр Қалиды қапы қалдырды.
Айбек пен Арманның жекпе-жегі 4 сәуірге белгіленген. Жеңімпаз жартылай финалға жолдама алады. Екеуі әзірге бір-бірімен шаршы алаңда кездесіп көрген емес.
Айбек Оралбай 2000 жылы 11 маусымда дүниеге келген. 2025 жылы әлем чемпионы атанса, 2022, 2024 жылдары Азия чемпионатында алтын алды.
Құрлықтық додаға ерлер құрамасы сапында Айбектен өзге Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) барды.
Қазір олардың арасынан Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, ширек финалға дейін жолдама алды.
Құрлықтық дода 10 сәуірге дейін созылады. Онда еліміздің атынан барлығы 20 боксшы (ерлер — 10, әйелдер -10) аттанды.
Қазір олардың арасынан Жазира Орақбаева (51 келі, Элина Базарова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Елдос Сайдалин жетекшілігімен құрлықтық додаға елімізден әәйелдер құрамасында Римма, Жазира мен Элинадан өзге Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Лаура Есенкелді (65 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (80 келі) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.