Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатына дайындығын бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын бастады. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтты.
– Алматы облысында кезекті оқу-жаттығу жиынына кірістік. Бұл – Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына қорытынды дайындығымыз. Бұл жолы бізге Ресей, Түркия, Германия, Швеция, Швейцария боксшылары қосылды. Оқу-жаттығу жиынын нәтижелі өткіземіз деген жоспар бар. Алда әйелдер құрамасын бірнеше халықаралық жарыс күтіп тұр. Атап айтқанда, алдағы уақытта Азия чемпионаты, Финляндиядағы халықаралық турнир және әлем кубогының алғашқы кезеңінде бақ сынаймыз, - деді бас бапкер.
Айта кетсек, бұдан бұрын бас бапкер Нұржан Насанов жетекшілігімен бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында бірлескен оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Боксшылар бұл уақыт аралығында алдағы Азия чемпионатына дайындық жүргізеді. Халықаралық деңгейдегі жаттығу жиынына Өзбекстан, Түркіменстан, Германия, Түркия құрамалары келді.
Ересектер арасындағы Азия чемпионаты 28 наурыз-11 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Улан-Баторда өтеді. Біріншілік алдында сол жерде де бірлескен оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады.