«Болашақ» бағдарламасымен оқу үшін ҚАЗТЕСТ талаптары қиындайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ тілін білу талабы ең жеңіл деңгейден орташа деңгейге көтеріледі. Бұл жөнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында оған депутат Самат Нұртаза сұрақ қойды.
— «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің арасында кейде қазақша білмейтіндерін кездестіремін. Олар ҚАЗТЕСТ тестілеуінен қалай өткен? — деді депутат.
Оған жауап берген министр алдағы жоспарларға тоқталды.
— ҚАЗТЕСТ деңгейін көтереміз. Оның A, B, C деген деңгейлері бар. Қазір соның ең төменгісі A бекітілген. Енді ақырындап көтереміз. Қазақ тілін білу талабын B1, B2 деңгейіне жоғарылатуға мүмкіндігіміз бар, — деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің ЖОО-ларында 700-ге жуық оқу бағдарламасы жабылатынын жазғанбыз.