Болашақ» бағдарламасы мен үшін өзіндік өмірге «жолдама» болды - Vanderbilt университетінің түлегі А.Қашқынбеков
АНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - «Болашақ» стипендиясы мен үшін өзіндік өмірге «жолдама» болды. Біздің тілшімізбен сұхбатында американдық Vanderbilt университетінің түлегі,
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Үкіметпен жұмысты үйлестіру жөніндегі директоры Арман Қашқынбеков осындай пікірін білдірді.
- Арман Қайырберліұлы, сіздің мансаптық жолыңыз қалай басталғаны туралы айтып берсеңіз?
- Мен 1998 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша, халықаралық экономикалық қатынастарға маманданып, үздік бітірдім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден «Болашақ» бағдарламасы бойынша американдық Vanderbilt университетіне оқуға аттандым, бұл әлемдегі 20 таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі, оны «Оңтүстіктің Гарварды» деп те атайды. Екі жылдан кейін экономика магистрі дәрежесін алдым. Бұл өте жақсы тәжірибе, онда таңдаулы профессорлар сабақ береді, бұл - нағыз сапалы білім ошағы. Егер президенттік «Болашақ» бағдарламасы болмаса, мен мұндай білім ала алмаған болар едім.
2000 жылы елге оралғаннан кейін Астанада сол кездегі жетекші компаниялардың бірі болған «KazakhOil» компаниясында аға талдаушы болып еңбек жолымды бастадым, маған бәрін басынан бастауыма тура келді. Бұл - ең төменгі лауазым. Оның есесіне, «Сыртқы экономикалық байланыстарды стратегиялық жоспарлау» департаментіндегі жұмыс мен үшін қызықты болды. Одан әрі мансап баспалдақтарымен басқа қызметтерге көтерілдім. 2002 жылы «KazakhOil» базасында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрылды. Мен онда 2004 жылдың ортасына дейін қызмет атқардым. Сол жылы шетелдік тараптың шақыруымен Алматыға ауысып, «Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры қызметіне тағайындалдым.
Бұл менің басшылық қызметтегі алғашқы тәжірибем болды. Бұл жұмыста да менің алдымда көптеген есіктер айқара ашылды, өйткені қазақстандық шетелдік компаниялардың топ-менеджерлерімен қарым-қатынастарда болу, жалпы отырыстар өткізу, бес жұмыс тобының қызметін толық үйлестіріп отыру, мемлекеттік органдармен бірлескен жобалар елеулі жауапкершілік жүктеді. Міне, осының бәрі менің лауазымдық міндеттеріме кірді. Бір жарым жылдан кейін мені үшінші американдық «Коноко-Филиппс» мұнай компаниясы шақырды, онда мен басшылықтағы екінші адам болдым және бизнесті дамыту және үкіметпен байланыс жөніндегі директор қызметін атқардым.
2006 жылы «Қазына» орнықты даму қоры құрылды. Онда мені даму институттарының бірі - «Қазинвест» компаниясын басқаруға шақырды. Мен онда бір жылға жуық уақыт президент қызметін атқардым. Бұдан кейін мені «ҚазЭнерджи» қауымдастығы Алматы бойынша атқарушы директор лауазымына шақырды. Бұдан бір жыл бұрын мені Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановқа көмекшілікке шақырылдым. Мен жақсы тәжірибе жинадым, біз жақсы жұмыс істедік. Одан кейінірек жылға жуық «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып жұмыс жасадым. Әлемдегі болат өндіретін нөмірі бірінші - «Арселормиттал» компаниясында жұмыс істеп жатқаныма үш ай болды. Қазақстанда компанияның көптеген өндірістері бар, олар - Қарағанды металлургия зауыты, Қарағанды көмір алабының таңдаулы шахталары, елдегі таңдаулы темір-руда рудниктері, Ақтаудағы болат құбырлар зауыты. Компания қазір өз қызметін әртараптандыруда, енді болашақта энергетика жобаларымен айналысуға ниеттеніп отыр.
- Сіздің пікіріңізше, отандық білімнің шетелдік білім жүйесінен ерекшелігі неде?
--Біздерді, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін қуантатын нәрсе, білім сапасындағы айырмашылықтың азайып келе жатқаны. Қазақстанда көптеген жаңа университеттер ашылуда, оқыту деңгейі арта түсуде. Егер, 90-ыншы жылдары менің көзқарасымша, білім сапасы мен әдістемелерінде, профессорлардың даярлығында айырмашылық елеулі болған болса, ал қазір қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген жастарға қарасам, республикадағы білім сапасы анағұрлым сапалы болып отырғанын аңғаруға болады. Жастар да сапалы білім - ойдағыдай мансап биігіне көтерілудің сенімді жолы екенін түсіне бастады. Бүгінгі жастар алымды, бірнеше тілдерді біледі, оқытушылардан мол білім алуға тырысып, «Болашаққа» ілігуге тырысады, жалақысы жоғары, жеке секторда немесе шетелдік компанияларды қызмет істеуге ұмтылады. Дегенмен., білім сапасында әлі де айырмашылықтар бар, өйткені Батыс университеттерінде көпғасырлық дәстүрлер орныққан, көптеген миллиондаған бюджеттері бар, сондықтан да олар жұмысқа таңдаулы профессорларды бүкіл жер жүзінен қиналмай шақырады, әрине, сондықтан да таңдаулы профессорлар жақсы білім береді. «Болашақ» бағдарламасы бірегей жүйе, оның әмбебаптығы ауқымында да - 3000 стипендия тағайындай алады. Таяудағы 5-10 жылда білімге салынған орасан зор қаржы өзінің тиімділігін көрсетіп, жемісін бере бастайды, деп ойлаймын. Өйткені Қазақстанға әлемнің таңдаулы жоғары оқу орнын бітірген білімді жастар көптеп оралады. Осының бәрі елімізге пайдалы болмақ.
Бұл арада тағы бір атап айтарым, қазақстандық білім саласын ұмытуға болмайды, оны әлемдік стандарттар деңгейіне көтеру қажет. Сонда студенттер де өз елінде, үйінің қасында білім алуға ынталанатын болады.
«Болашақ» стипендиясы мен үшін өмірге «жолдама болды. Америкада білім алу менің өз болашағыма сенімімді арттырып, күш пен қуат берді.