«Болашақ» бағдарламасына талаппен ұмтылған жас ешнәрседен ұтылмайтындығын естен шығармауы тиіс - А.Қожакелдиев
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы шетелде білім алғысы келген талай жастың арманын жүзеге асырған «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл толып отыр. Осы 20 жылдың ішінде 10 мыңнан астам жастар Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Қытай, Канада сынды елдердің беделді жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінде оның 6 мыңнан астамы елімізде жұмыс істеуде.
Солардың бірі Канаданың Laurentian университетінде білім алған Арман Қожакелдиев бүгінде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да жоба жетекшісі болып еңбек етуде. Орай келгенде Арман Ерланұлынан бірқатар сауалға жауап алу мүмкіндігі туып еді. Осы сұхбатты ҚазАқпарат оқырмандарының назарына ұсынамыз. - Арман, ата-анадан, туған-туыстан жырақта, бейтаныс ортада білім алудың алғашқы кезеңдерде өз қиындығы болатындығы түсінікті. Қиындықтан қорықпай, ағысқа қарсы жүзуге, яғни "Болашақ" бағдарламасымен білім алуға қандай жайт итермеледі?- "Болашақ" бағдарламасына құжат тапсырғанға дейін Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп қойған едім. Дегенмен, «Болашақ» бағдарламасына "құжат тапсырып, неге бағымды сынамасқа?" деген сауал көкейімнен кетпей қойды. Сондықтан, еліміздегі ең беделді жоғары оқу орнының студенті атанып тұрсам да, осы бағдарламамен шетелде білім алу орайы келіп тұрғандықтан құжаттарымды конкурсқа тапсырайын, деген ой келді. Жалпы, мектепте оқып жүргенде алдын ала жоспар құрып, арнайы дайындалған жоқпын. - Басқа шет елде біздің "Болашақ" сынды бағдарлама бар ма?- Мемлекет есебінен оқыған Сауд Арабиясы мен Ливияның бірлі-жарым студенттерін танимын. Сонымен қатар үшінші курста оқып жүргенімде Әзірбайжанның Канададағы елшісі университетімізде дәріс оқып, сол кезде Қазақстанның "Болашақ" бағдарламасын ерекше атап өте келе елдерінде де осыған ұқсас бағдарламаны енгізгелі жатқандығын айтқан еді. Ал бұдан бөлек "Болашақ" секілді оқудың, жолдың, күнделікті тұрмыстың шығындарын мемлекет есебінен төлеп оқытатын бағдарламаның басқа да елдерде болғанын естіген емеспін. Демек, "Болашақ" жастарды білім жолына жетелейтін әлемдегі бірден-бір бағдарлама деп зор мақтанышпен айтуға болады. Бұл орайда, еліміздің болашағы жастарға үміт артып, олардың шетелдің беделді жоғары оқу орындарында жан-жақты білім алуына жағдай жасаған, мемлекетіміздің келешегі жарқын болуы үшін осындай бағдарламаны жүзеге асырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді. - Канада жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесінің қандай ерекшелігі бар? Біздің білім беру жүйемізден айырмашылығы неде?- Канададағы білім беру жүйесі басқа батыс елдеріндегідей бірінші кезекте студенттерге берілетін еркіндік деңгейінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Мысалы, студент оқуға түсерде университет басып шығаратын, белгілі бір мамандық иесі болып шығу үшін қажетті пән тізімі түзілген кітапшаға қарап, әр түрлі пәндерден өзіне күнтізбе құрайды. Бір семестрде 3 пәннен 6-ы пәнге дейін таңдап, оқуды міндетті түрде 4 жылда емес, одан ертерек немесе оқу мен жұмысты қатар алып жүретін студенттерге одан кешірек бітіріп шығуға болады. Бір пәнді бірнеше профессор әр түрлі уақытта оқытуы да мүмкін. Ондай кезде семестр басында пән таңдағаныңызда өзіңізге ыңғайлы уақытқа сай не болмаса өзге студенттердің белгілі бір профессор жайлы жағымды пікірін саралай келе сол профессорға күнтізбеңізді ыңғайлап, жеке өзіңізге икемді сабақ кестесін құра аласыз.Еркіндік сабаққа барысында да, жұмысыңды бағалайтын емтихандарға қатысқаныңда да байқалады. Оқытушылардың басым көпшілігі өзін студенттермен тең дәрежеде ұстауға ұмтылады, атын атап сөйлесуді өтінеді және қалыптасқан ғылыми қағидаларға қарсы ой-пікір ұсыну бастамаларын қолдайды.Оқуды жеке студенттің емес, мемлекеттік деңгей ауқымында қарастыратын болсақ, Канада университеттері коммерциялық сипатта жұмыс істейтіндігі байқалады. Университеттер арасында әлеуетті студенттер үшін қатал бәсекелестікпен қатар жеке компаниялармен келісімшарттарға қол қойып, ғылыми-зерттеу жүргізуге де тартыс бар. Бұл университетке мектептің жоғары сыныптарында оқитын оқушылары мен олардың ата-аналарын шақырып, экскурсия ұйымдастыруынан, спорттың түр-түрінде университетаралық чемпионаттардың белсенді түрде БАҚ-та, студенттер арасында талқылануынан, университеттік символиканың ғимараттарда, заттарда, киімдерде көптеп кездесуінен білініп тұрады.Канадада соңғы жиырма жылда шетелден, әсіресе Азиядан келуші студенттердің саны өсті. Жергілікті студенттерге өлкелік оқу гранттары немесе оқу несиелері бөлінеді. Үздік оқыған студенттерді оқудың соңғы жылдарында жеке компаниялар өздері іздеп тауып, жұмыс ұсынатыны да сирек кездесетін жағдай емес. Жалпы, сөз арасында қазақстандық "Болашақ" стипендиаттары өз университеттерінде көбінесе үздік студенттердің қатарында жүретінін атап өткім келеді.- Шетелде алған біліміңіз бүгінде атқарып жатқан қызметіңізге қандай пайдасын тигізуде? - Шындығын айтсақ, ең алдымен шетелдік дипломның жұмысқа орналасуда үлкен ықпалы бар. Ал жұмыстың өзінде оқуда қамтылған нақты тақырыптағы мәселелер қолданылмағанымен, жалпы жаңа жобаны басынан аяқ орындап шығаруды, топта жұмыс істеуді, күрделі мәселелерді сыни қарастыра білудің пайдасы тиді деп айта аламын. Дегенмен, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім нәрімен сусындаған көптеген студенттердің деңгейі өте жоғары және бұл шетелге магистратураға оқуға түскен қазақстандық профессорлардың кез келгені растай алатын факт екендігін баса айтқым келеді.- Бүгінде аталған бағдарламаның сәтті жүзеге асырыла бастағанына 20 жыл толып отыр. Талай азамат оқуын бітіріп, еліне қызмет етуде де. Сонымен қатар шетелде білім алуды армандаған іні-қарындастарыңыздың қарасы да мол екендігі белгілі. "Болашақ" бағдарламасы аясында оқуға түсу үшін оларға қандай кеңес айтар едіңіз? - Ең алдымен "Болашақтың" бірден-бір, ерекше бағдарлама болғандығына қарамастан, оған ұқсас шетелдік университеттерде оқуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың өте көп екендігін айтқым келеді. Ондай бағдарламалар елшіліктерде, ірі халықаралық компанияларда, халықаралық мемлекеттік емес ұйымдарда көптеп кездеседі. Дегенмен, ондағылардың көбісі ағылшын тілін білуді негізгі талап етіп қояды. Сондықтан, мүмкіндігінше ағылшын тілін үйрену қажет дер едім. Қазіргі сандық теледидар мен интернет заманында ағылшын тілін үйрену өте оңай екендігін да айтқым келеді. Екіншіден, көп бағдарламалардың ұйымдастырушылары талапкерлерден белгілі бір тақырыпқа немесе өндіріс саласына қатысты жоба ойластыруын немесе жаңаша пікірінің болуын іздейді. Мұндай бағдарламалардан үміткердің алдын ала ғылымның бір саласын таңдап, сол саланы зерттеп, ондағы ғылыми жаңалықтарға қызығып, бағдарламаға құжат тапсырғанда сол мекеме жұмыс істейтін саламен кейбір таныстығының болғаны абзал. Әрине, «барлық бағдарламаларда таныстықпен, пара берумен орын беріледі», деген ойдан арылу қажет. Талаптанып тапсырған адам ешнәрседен ұтылмайтынын ұмытпау керек.