«Болашақ энергиясы» - жарқын болашақ кепілі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ энергиясы» тақырыбы Қазақстанның экономика-энергетикалық даму стратегиясына сәйкес келіп отыр. Мұнай мен газдың бай қорына және әлемде уран рудасын игеру бойынша бірінші орынға ие болуына қарамастан, Қазақстан 2017 жылы Астана қаласында өтетін ЕХРО Халықаралық көрмеде осы саладағы түрлі елдердің жетістіктерін көрсету үшін болашақ энергиясы деректерінің халықаралық базасын құруды ұсынып отыр.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ауқымда жария еткен «Жасыл көпір» атты бастамасының маңызы зор. Осы бастамасы арқылы Елбасы «жасыл экономикаға» көшу үшін бүкіл әлемнің күш-жігерін біріктіруге шақырады. Бастаманың негізгі түйініне келетін болсақ, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері өздерінің озық «жасыл» технологияларын қайтарымсыз негізде дамушы елдердің игілігіне ұсынуы керек. Өз кезегінде дамушы елдер бұл технологиялар мен инвестициялар үшін барынша қолайлы ахуал қалыптастыруы керек. Осы бір маңызды жаһандық бастаманы іс жүзіне асыру тек жасыл технологияны дамытуға ғана жағдай жасап қоймайды, сонымен бірге, дамыған елдерді созылмалы дағдарыстан шығаруға жағдай жасайды. «Жасыл көпір» бастамасы дүние жүзі бойынша экологиялық таза экономиканы іс жүзінде дамыту және тарату проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
Дүниежүзінде энергетикалық қуат көздерінің балама түрлерін пайдалануға деген бетбұрыстың басталғанына біраз болды. Ғалымдардың болжамынша, ХХІ ғасырдың ортасына қарай жаһандық энергетикалық баланстағы баламалы қуат көздерінің үлесі 30 пайызға дейін жетпек. Электр энергиясын тұтыну көлемі барған сайын артып барады. Халықаралық энергетикалық агенттік 2015 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі қазіргіден 1,5 есе артады деп болжап отыр. Ақиқатын айтсақ, жұмыр жер дәл қазір жаһандық энергетикалық апат алдында тұр. Ал, Еуроодақ балама энергетика үлесін 2020 жылдары - 20 пайызға, 2040 жылдары 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазақстанның да энергетикалық қуат шикізаттарына балама табу мәселесін күн тәртібіне батыл қойып отырғаны содан.
Қазақстан даласы геотермальдық энергия көздеріне бай. Сарқылмайтын энергия көздерін жан басына шаққанда әлем мемлекеттерінің алдыңғы сапында екенбіз. Қазақстанның климаттық жағдайы күн, жел, су ағынының энергиясын пайдалануға өте қолайлы болып табылады. Қалпына келтірілетін дәстүрлі емес энергия көздерінің ерекшелігі сол, қор көздері ешуақытта сарқылмайды, экологиялық жағынан да таза. Мәселен, соңғы отыз жыл ішінде жанғыш заттардың атмосфераны ластауы салдарынан Жер шарында 15 мыңға жуық табиғат апаты тіркеліпті. Ал, баламалы энергия көздерін пайдалану табиғат байланыстарын бұзбайды.
Халықаралық көрме саяси, іскерлік, қаржылық, академиялық және өнеркәсіп орталарының өкілдерін тартумен өткізіледі және инновациялық қызметті кеңейту және тұрақты энергиядағы өсіп келе жатқан қажеттілікке сәйкес бизнес пен инвестицияларды дамытуға арналған мүмкіндіктерді арттыру мақсатын көздейді.
ЕХРО-2017 Бүкіләлемдік көрмесі энергия үнемдеу саласындағы әлемдік озық үлгілерді, күн, су және жел арқылы энергия өндірудің жаңа технологияларын Астана қаласына жинап, жаһандық жетістіктерден жан-жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, көрме өткізілетін қалашықтың өзі отандық өндіріс негізінде балама қуат көздері арқылы алынатын электр энергиясын тұтынатын болады.