«Болашақ» қауымдастығы Т.Мұсабаевтың сыни сөздерін орынсыз деп есептейді

«Осы сұраққа жауап бергім-ақ келеді, бірақ мен пікір білдіруден аулақ ұстанамын. Себебі мен орынсыз күмән келтірген осынау жоғары лауазымды тұлғаның, аса беделді адамның абыройына нұқсан келтіргім келмейді. Сол балалардың қаншалықты ауыр еңбекпен, үлкен күш-жігермен білім алып жатқандарын көрген адам мұндай сөз айтпас еді», - деді Ж.Төлегенова «Болашақ» бағдарламасының тиімділігі жайында жасалған зерттеудің таныстырылымында.
Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы іске асырылып жатқан 20 жыл уақыттан бері 333 қазақстандық студент түрлі себептермен оқудан шығып қалған.
Еске сала кетейік, 29 қазан күні өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «Болашақ» бағдарламасына көңілі толмайтындығын және оның түлектері бәрі бірдей білімді еместігін айтқан болатын.
«Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бірақ бәрін емес. Себебі бізге, ашық айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалайды. Олардың білім деңгейі төмен. Біздің саламызға, кем дегенде, магистрлер керек. Ал сыраханада отырып, ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын. «Болашақтың» да түр-түрі бар. Сондықтан біз білімі бар түлектерді аламыз. Олардың өзі көп емес», - деді Үкімет отырысында Т.Мұсабаев.