Болашақ мұғалімдерді даярлаудың жаңа ұлттық моделі таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұсынылып отырған модельдің негізінде мұғалімді даярлаудың дәстүрлі тәсілінен педагогтің бірыңғай кәсіби өмірлік цикліне көшу жатыр.

Болашақ мұғалімдерді даярлаудың жаңа ұлттық моделі таныстырылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Астанада білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы тамыз конференциясы аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Болашақтың педагогикалық білімі: ұлттық модельді дамыту және енгізу» секциясы өтті. Іс-шара педагогикалық білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын және педагогтерді даярлау мен олардың кәсіби қалыптасуының бірыңғай ұлттық моделін қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды.

Республикалық тамыз конференциясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп, «Адам капиталы, білім, прогресс — Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды.

— Бүгінде біз үшін педагогтерді даярлаудағы фрагментарлық тәсілден олардың кәсіби қалыптасуының тұтас жүйесіне көшу маңызды. Болашақ мұғалім жай ғана диплом алып қоймай, мамандықты саналы түрде таңдаудан және сапалы даярлықтан бастап, мектепке сәтті бейімделу, тәлімгерлік және одан әрі кәсіби даму кезеңдеріне дейінгі жүйелі жолдан өтуі тиіс. Сондықтан жаңа модель университет пен мектеп арасындағы тығыз әріптестікке және нәтиже үшін ортақ жауапкершілікке негізделеді, — деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Секцияның негізгі мәселесі педагогті даярлау, оның кәсіби қызметке кіруі және одан әрі дамуы үшін заманауи экожүйені қалыптастыруға бағытталған Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы болды. Тұжырымдаманың негізгі тәсілдерін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Бану Нарбекова таныстырды.

Ұсынылып отырған модельдің негізінде мұғалімді даярлаудың дәстүрлі тәсілінен педагогтің бірыңғай кәсіби өмірлік цикліне көшу жатыр. Ол болашақ педагогтерді кәсіби бағдарлау мен іріктеуді, жоғары оқу орнында білім алуды, мектеп ортасына ерте бейімделуді, мектептегі кәсіби қызметке кіруді, тәлімгерлікті және маманның үздіксіз кәсіби дамуын қамтиды. Бұл кәсіби жолдың әртүрлі кезеңдері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, педагогке қойылатын талаптарды оның бүкіл мансабы бойында өзара үйлестіруге мүмкіндік береді.

2029 жылға қарай Тұжырымдама аясында «Университет 5.0» моделіне көшу бойынша негізгі бағдарлар айқындалды. Модельдің басты міндеті — ынталы әрі құзыретті педагог сапалы даярлықтан өтіп, мамандыққа кірігу кезеңінде қолдау алып, үздіксіз кәсіби даму мүмкіндіктеріне ие болатын тұтас жүйе қалыптастыру. Педагогикалық жоғары оқу орнының рөлін кеңейту көзделеді. Ол тек білім беру процесін ұйымдастырып қана қоймай, болашақ мұғалімнің кәсіби қалыптасуын жүйелі түрде сүйемелдеп, оның одан әрі кәсіби даму нәтижелерін бағалауы тиіс.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі — педагогикалық білім берудің практикаға бағдарлануын күшейту. Бұл ретте мектеп педагогикалық практиканы өтейтін орын ретінде ғана емес, болашақ маманды даярлауда педагогикалық жоғары оқу орнының толыққанды серіктесі ретінде қарастырылады. Ұсынылып отырған шешімдердің қатарында серіктестік және клиникалық мектептерді дамыту, студенттерді кәсіби ортаға ертерек бейімдеу және мектеп тәлімгерлерін даярлау жүйесін қалыптастыру бар.

Педагогикалық жоғары оқу орындарының өз түлектерінің кәсіби нәтижелеріне жауапкершілігіне ерекше назар аударылады. Осыған байланысты білім сапасын бағалау тәсілдерін жетілдіру ұсынылады. Бұл ретте студенттердің университетте алған білім нәтижелерімен қатар, олардың кейінгі жұмысқа орналасуы, мектептегі кәсіби қызметке сәтті кірігуі және кәсіби дамуының одан арғы динамикасы да ескеріледі.

Тұжырымдаманың жеке бағыттарының бірі — AI-Driven Pedagogy, яғни педагогикалық қызметте жасанды интеллектіні қолдануды дамыту. Технологиялық шешімдерді оқытуды жобалау және дербестендіру, білім беру деректерін талдау, сондай-ақ педагог жұмысының тиімділігін арттыру үшін пайдалану көзделеді. Бұл ретте жасанды интеллект мұғалімнің мүмкіндіктерін кеңейтетін құрал ретінде қарастырылады, ал адаммен өзара әрекеттесуді, тәлімгерлікті және тәрбие жұмысын алмастыратын технология ретінде қарастырылмайды.

Секция қорытындысы бойынша қатысушылар педагогикалық білім беруді одан әрі дамыту, жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, педагогтерді даярлау мен кәсіби қолдау тетіктерін жетілдіру, практикаға бағдарланған зерттеулерді дамыту және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу жөнінде ұсынымдар әзірледі.

Аталған тәсілдерді іске асыру мұғалім мамандығына қойылатын өзгермелі талаптарға жауап беретін заманауи педагогикалық білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық модель педагогтің мансабының барлық кезеңінде сапалы даярлық пен кәсіби қолдауды қамтамасыз етуге, педагог кадрлардың сапасын арттыруға және адами капиталды нығайтуға бағытталған. Түптеп келгенде, бұл мықты мектепті дамытуға және білім алушылардың оқу нәтижелерін арттыруға ықпал етуі тиіс.

Айта кетелік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтаған еді.