Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Болашақ ойындары – 2026: PUBG бойынша Қазақстан атынан жалғыз команда қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның DIGA Esports командасының PUBG ойыншысы Нұржан Қоянақов Астанада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі қарсаңында өз болжамдарын айтты.

э
Фото: Kazinform

Команда PUBG дисциплинасы бойынша сынға түседі. Жарыстар 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өтеді. Қазақстандық киберспортшылар халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғауды көздеп отыр.

– Біз Diga Esports атауымен өнер көрсетеміз және жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз. Себебі біз – іріктеуден өткен жалғыз қазақстандық командамыз. PUBG бойынша еліміздің намысын қорғаймыз, – деді Нұржан Қоянақов турнир кулуарында.

Оның айтуынша, DIGA Esports құрамында төрт ойыншы бар. Команда осындай ауқымды жарысқа алғаш рет қатысып отыр. 

– Турнирге қатысатын барлық команда – өз елдерінің үздіктері. Дегенмен өз мүмкіндігімізді жоғары бағалаймыз. Лайықты нәтиже көрсетуге бар күшімізді саламыз және жақсы нәтижеден үміттіміз, – деді команда мүшесі.

Н. Қоянақовтың сөзінше, іріктеуден кейін бірден турнирге дайындық басталып, шамамен екі айға созылған. Осы уақыт аралығында команда күн сайын жаттығып, ойын тактикасын жетілдіруге баса назар аударған. 

Ойыншы жарыс алдында толқу бар екенін жасырмады. Дегенмен команда жаттықтырушысы психологиялық тұрғыдан дайындалуға көмектесіп жатыр.

– Әрине, толқу бар. Өйткені бұған дейін мұндай деңгейдегі турнирде ойнаған емеспіз. Бірақ бәрі жақсы болады деп сенеміз және лайықты нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын, – деп түйіндеді Нұржан Қоянақов.

Еске сала кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысады.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 4 млн 650 мың АҚШ долларын құрайды.
Айта кетейік, Президент Телерадиокешені «Болашақ ойындары–2026» турнирінің телевизиялық түсірілімін жасайды.

Былтыр БАӘ Әбу-Даби қаласында Астана Болашақ ойындарының эстафетасын қабылдаған еді.