Болашақ ойындары – 2026: PUBG турнирінде 17 Gaming чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» аясындағы PUBG турнирі мәресіне жетті. Үш күнге созылған жарыста Қытайдың 17 Gaming командасы чемпион атанса, Қазақстанның DIGA Esports ұжымы 14-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Турнирде әлемнің ең мықты 16 командасы 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салды. Чемпион соңғы ойыннан кейін ғана анықталды.
Жарыс қорытындысында 17 Gaming 131 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. GAM The Expendables 120 ұпаймен күміс жүлдені еншілесе, Team Vitality 106 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстандық DIGA Esports 59 ұпай жинап, турнирді 14-орында аяқтады.
Чемпион команда 300 мың АҚШ долларын иеленді. Күміс жүлдегерлерге 120 мың доллар, ал қола жүлдегерлерге 100 мың доллар табысталды. Қазақстандық командаға 15 мың АҚШ доллары берілді.
Жарыстан кейін 17 Gaming ойыншылары PUBG дисциплинасының танымалдығы артып келе жатқанын айтты.
-PUBG-дің болашағы зор. Биыл турнирлер саны көбейіп келеді. Ойынға деген қызығушылық та артып жатыр. Алдағы уақытта тағы оралып, жанкүйерлеріміз үшін тағы бір чемпиондық атақ жеңіп алғымыз келеді. Астана бізге өте ұнады. Мұнда күн ыстық болғанымен, тағамдары өте дәмді екен, – деді команда мүшелері.
Team Vitality ойыншысы Артем Баскаков үшінші ойын күні ең қиын кезең болғанын айтты.
-Үшінші күні ойын аймақтарының орналасуы бізге қолайсыз болды. Соған қарамастан ұпай жинауға бар күшімізді салдық және үздік үштікке ендік. Өз стилімізден айныған жоқпыз: тиімді сәттерді пайдаланып, сабыр сақтап, команда ішінде үнемі байланыста болдық, – деді ол.
Қазақстандық DIGA Esports үшін бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі турнир болды. Команда сегізінші матчта жеңіске жетіп, Beeline Arena трибунасындағы жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленді.
Команда ойыншысы Санжар Қалиевтің айтуынша, турнир ұжым үшін үлкен тәжірибе болды.
-Бұл жарысқа әлемнің ең үздік 15 командасы келді. Сондықтан бәсеке өте жоғары болды. Соған қарамастан жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз деп ойлаймын. Осындай турнирде өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Жанкүйерлердің қолдауын сезіндік. Бұл бізге ерекше күш берді, – деді ол.
Санжар Қалиевтің сөзінше, команда турнир барысында қарсыластар деңгейіне бейімделе алды.
-Алғашқы күн бейімделуге арналды. Екінші күні ойнау жеңілдей түсті. Ал үшінші күнді жақсы өткіздік деп есептеймін. Біздің құрамда бұған дейін Еуропадағы ірі жарыстарға да қатыспаған ойыншылар бар. Ал мұнда әлем чемпиондарына қарсы ойнадық. Сондықтан осындай деңгейдегі командалар арасында 14-орын алу жаман нәтиже емес, – деді киберспортшы.
Еске сала кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасына сегіз дисциплина енгізілген. Жалпы жүлде қоры 4,65 млн АҚШ долларын құрайды.