«Болашақ» стипендиаттарының шәкіртақысы қашан өседі – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» стипендиаттарының шәкіртақысын өсіруге қатысты пікір білдірді.
- Шәкіртақыны арттыру мәселесі пісіп-жетілді. Осыдан 15 жыл бұрын «Болашақ» басшысы болдым және сол кезде ең соңғы болып индексация жасадым. Сол кезде шәкіртақы мөлшерін арттырған едік. Өйткені, Лондон, Нью-Йорк сынды қалаларды өмір сүру өте қымбатқа түседі. Содан кейін шәкіртақы мөлшері қайта қаралған жоқ. Сол себепті жеке зерттеу жүргізіп, аталған қалаларда тұтынушы себеті құнының қаншалықты өскенін, инфляция қандай екенін қарадық, - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде агенттік тілшісінің сауалына орай.
Оның пайымынша, қазіргі уақытта стипендиаттарының басым көпшілігіне алып жүрген шәкіртақылары жетпейді. Сондықтан олар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Ал бұл білім сапасына кері әсерін тигізіп, тіпті «Болашақ» стипендиясынан айырылуға да алып келуі мүмкін.
- Қазір бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Түпкілікті шешім әлі жоқ. Бұл не республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыруды, не стипендия санын қысқарту есебінен Халықаралық бағдарламалар орталығының ішкі бюджетін оңтайландырып, қаражаттың бір бөлігін ай сайынғы шәкіртақыны арттыруға жұмсауды талап етеді, - деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттан айырылған стипендиаттардың қаражатты қайтаруын индекстеуді ұсынған еді.