Болашақта футбол ойнайтын қазақтар көбейсін, өссін, өнсін - Халықаралық футбол федерациясының уәкілі
/strong>Сәуірдің 17-cі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда 5 мың мектепте 500 мың баланың "Коко-Кола былғары доп" турниріне қатысып, аяқдоп спортымен шұғылданатыны мені қатты таңдандырды.
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) уәкілі Ли Мин Лю кеше Алматыға Әлем кубогының келуіне арналған баспасөз мәслихатында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұл бастаманың негізі жас футболшыларды, жас жеткіншектерді әлемдегі №1 спортқа баулу және тарту. Мен Қазақстан футболының вице-президенті Сейілдә Байшақовпен сөйлескен кезде бір нәрсеге таң қалдым. Ол - 500 мың бала 5 мың мектепте "Кока-Кола Былғары доп" турниріне қатысып, аяқдоп спортымен шұғылдануы. Біздің бұл жерде айтпағымыз, болашақта футбол ойнайтын қазақтар көбейсін, өссін, өнсін", дейді Ли Мин Лю. Оның айтуынша, ФИФА Әлем кубогы Қазақстаннан кейін Корея, Жапония, АҚШ елдерінде болады.
Әлем кубогы өз тарихындағы ең үлкен әлемдік сапарын 2009 жылы қыркүйектің 21-інде ФИФА штаб-пәтерінен бастаған болатын. 225-күнге созылатын бұл сапарда ол дүниежүзінің 86 елінде футбол жанкүйерлеріне қуаныш сыйламақ. 134,017 шақырым жолды басып өткен Әлем кубогы мамырдың 4-інде кезекті Әлем чемпионатын өткізетін Оңтүстік Африкаға табан тірейтін болады.