Болашақта жұмыссыз қалмау үшін қандай мамандықтарды меңгеру керек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2 миллионнан астам жұмыс орнын жасанды интеллект алмастыруы мүмкін. Бұл туралы Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Нысанбай Сисен айтты.

Министрліктің мәліметінше хатшыдан бастап оператор, тіпті бухгалтерге дейін — күнделікті құжат пен мәлімет өңдеумен айналысатын қызметтер үлкен қауіп аймағында екен.
— Еңбек министрлігі ЖИ саласындағы жұмысшы мамандарға қатысты талдау жүргізді. Есеп-қисапқа жауап беретін мамандықтар тізімде көш бастап тұр, — дейді Нысанбай Сисен.
Десе де, мамандық жабылады екен деп қол қусырып отыруға болмайды, — дейді мамандар. Керісінше жаңа пайда болатын қызметтерді меңгерген дұрыс. Жаңа мамандықтар мен осы бағытта біліктілікті арттыру курстары туралы толық ақпаратты Skills Enbek платформасы арқылы білуге болады.

— Skills Enbek платформасы іске қосылды. Аталған платформада болашақта пайда болатын немесе жойылатын мамандықтар бойынша тиісті деректерді табуға болады. Кез-келген ҚР азаматы қосымшаға тіркеліп, өзіне керекті ақпаратты ала алады, — деді Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы.
Ал, қаржыгерлер жасанды интелектіден қорқуға болмайды. Жұмыстың барлығын компьютерлік жүйе атқарғанымен жасанды зейін адамның орнын баса алмайды деген пікірде.
— Өзім 23 жылдық тәжірибесі бар қаржы маманы ретінде кез-келген жүйенің бір бөлігін ғана автоматтандыруға болады деп ойлаймын. Қауіп-қатерді алдын-ала болжап, кез-келген адам қосымша табыс табатын жолдарды қарастыруы керек. Айтқым келгені өзгерістерден қорықпау керек. Ол үшін ізденіп, жаңа дүниелерді меңгеріп, біліміңізді жетілдіруге тырысқан жөн. Ал, жасанды интеллект біздің қоғамға толық енуі үшін әлі шамамен 5 жылдай уақыт қажет. Осы уақыт аралығында көптеген мамандықты меңгеріп алуға болады, — дейді қаржы саласының маманы Әсел Жарасқалиқызы.
Бұған дейін еліміздегі ЖОО-да атом саласына қатысты жаңа мамандықтар ашылатыны туралы жазған болатынбыз.