19:00, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
«Болашақтықтар» шетелден біліммен қатар ерекше патриоттық сезімді ала келеді
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ризуангүл Садықова/ - Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін әйелдерге қандай да бір ерекше жағдайлар жасау міндет емес, жаңа, өршіл, жарқын талантты, қоғамдағы ілгерішіл адамдарды өсіріп шығару қажет, деп санайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының кеңесшісі Бақыт Есімова.

- Сіз Санкт-Петерборда білім алдыңыз. Менің білуімше, көптеген «болашақтықтар» батыстың университеттерінде оқуға тырысады. Оқырмандарымызға Сіздің көзқарасыңызша, Ресейде білім алудың артықшылығын айтып берсеңіз.- Мен Санкт-Петербор мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетінде оқып, 2006 жылы экономист мамандығы бойынша үздік диплом алып шықтым. Жас кезімнен шетелде білім алуды армандадым, үкілі үмітімнің орындаларына сендім. Мен бұрынғы Торғай облысының шағын қаласында туып өстім, ол кезде басқа бір көкжиектер туралы екінің бірі қиялдамаған шығар. Ресейде оқуды таңдаған себебім, біздің экономикалық дамуымыз, табиғатымыз ұқсас. Оқуға келген бойда мен қоршаған ортаға бірден сіңісіп кеттім, топ жетекшісі болдым, әртүрлі семинарлар мен олимпиадаларға қатыстым. Белсенді азаматтық ұстанымым маған қазақстандық студенттердің басын қосып, Қазақстанның «Бәйтерек» жастар орталығын құруыма мүмкіндік берді. Бұл Қазақстаннан тысқары жерлерде сол кездегі алғашқы ресми тіркелген қазақстандық жастар ұйымы болатын. Бұл ұйым Санкт-Петерборда мыңнан астам қазақстандық жастарды біріктіріп, қазір де белсенді жұмыс жасап жатқаны және дамып отырғаны мен үшін қуанышты жағдай, олар енді өз газетін де шығарып жатыр. Қазақстанға келгеннен кейін өзімнің еңбек жолымды «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінде бастап, сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы түлектері қауымдастығының атқарушы директоры қызметінде жасадым. Осы кездері мен біздің жастарымыздың таңдаулы өкілдерімен таныстым. Қазақстаннан тысқары 5 жыл сыртта жүргенде туған Отанымда болып жатқан оқиғалардан шеттеп қалыппын. Менің жолым болды, патриотизм сезімдерімді шыңдап, еліміздің тұрақты өркендеуіне сенімімді орнықтырған тамаша адамдарды кезіктірдім. Бұдан бұрын да талай айтылып жүргендей, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған «болашақтықтар» біліммен қатар ерекше патриоттық сезімді ала келеді, олар шет жерлерде көргенін елімізде жүзеге асырып, дамытқысы келеді. Шетелдерде оқудың артықшылықтарының бірі осы. -Сіз Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының кеңесшісісіз. Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?- 2007 жылдың басынан бері Агенттік төрағасының кеңесшісі ретінде кәсіби қызметімді атқарып келемін. Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жұмысы өте қызғылықты, өйткені ең алдымен біз басынан бастап өзіміздің саясатымызды, өз бастауларымызды және өз тарихымызды өзіміз жасап жатырмыз. Біз тамаша кезеңнің жеткіншектеріміз ? тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен Қазақстанның жарқын келешегін сомдап жатырмыз. Қазақстанның мемлекеттік қызметі өзінің дамуында жаңа белестерге көтерілді, адам факторы айқындаушы болып табылатын жаңа кадр саясаты басты өрістерге шықты. Дәл қазір «болашақтықтарда» және барлық ілгерішіл, ой-өрісі кең Қазақстан жастарында ең алдымен еңбек өтілі емес, қызметкердің тиімділігі, оның жеке басының қабілет-қарымы және елеулі үлес қосуға ұмтылысы бағаланатын мемлекеттік қызметте өзін таныта білуге қолайлы мүмкіндік туды. Мемлекеттік қызметте өзінің мүмкіндігін жүзеге асыру бәсекеге неғұрлым қабілетті және ашық бола түсті, бұл Президентіміз айтып жүрген жаңа тұрпатты басқарушылардың кәсіби шоғырын қалыптастыруға алып келетіні сөзсіз.
- Стратегиялық мәселелерді шешуге араласып жүрген әйел ретінде Сіз олардың мансаптық өсуіне бірқатар проблемалар бар деп санайсыз ба? Жоғары басшылық қызметтерде әйелдер жиірек алмасып тұрғаны жөн сияқты, өйткені соңғы жылдары бойы басшылықта баяғы сол адамдар отыр емес пе?- Осы заманғы басқару шыңында жаңа, әсіресе жаңа тұлғалар жоқ дерлік деген пікірмен келісуге болар. Мен мына мәселеге назар аударғым келеді: мемлекеттік қызметтің жалпы санында (бұл 100 мың адам) әйелдер 58 пайызды құрап отырғанына қарамастан, басшы деңгейіне бірен-сарандары ғана жетеді., олардың бәрі белгілі. Бұған біздің табиғатымыздан бастап, мемлекеттік қызметтегі еңбек жағдайына дейінгі көптеген өлшемдер әсер етеді. Соңғы кездері тәлімгерлік институты жиі қолға алынып жүр, алайда неге екенін қайдам, әйелдерге келгенде бұл мәселе тығырыққа тіреліп тұр. Ер адамдардың ер адамдармен жұмыс жасауы жеңілірек, ал әйелдерді әйелдер ғана түсінеді деген бұрыннан сіресіп қалған қасаң психологияның әсері болса керек. Ал енді ойлап қарасақ, басшы қызметтегі бірен-саран әйел саясатқа қанша жас және перспективалы әйелді алып шығар еді? Бұл орайда ілгерілеу болмай тұр. Дегенмен, жағдай өзгеруі тиіс. Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін айрықша жағдай жасау міндет емес, жаңа, өршіл, жарқын талантты, қоғамдағы ілгерішіл адамдарды өсіріп шығару қажет«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің арасында мұндай адамдар бар, оларға тәжірибе мектебі, тілектес тәлімгер ғана жетіспейді. Біздің мемлекеттік қызмет «жасара» түсумен қатар, сезімтал әйел жүрегімен және күшті де сенімді жігіттермен өрістей түскенін қалар едім.Мен еліміздің гүлденуіне өзінің лайықты үлесімен пайда келтіре алатынын сезінген барлық жас әйел-қыздарды мемлекеттік қызметте бағын сынауға шақырамын.